Талдықорғанда қауіпсіздік саласындағы бірегей орталық ашылды

Талдықорғанда қауіпсіздік саласындағы бірегей орталық ашылды. Нысанның ерекшелігі сол, адам өмірін құтқаруда «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Мұнда тек өрт сөндірушілер ғана емес, Апаттар медицинасы орталығының мамандары шоғырланады. Кешен қысылтаяң шақта жұмыла жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жалпы Жетісу өңірінде азаматтық қорғаныс жүйесі мен өртке қарсы инфрақұрылымды дамытуға басты назар аударылып жатыр. Облыс құрылғалы бері құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Жаңа нысандар салынып, қолданыстағы бөлімдер қайта жаңғыртудан өтті. Бұл жайында аймаққа ат басын бұрған Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен кездесуде айтылды. Сапар аясында құтқару қызметін одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар бастамалар талқыланды. Сондай-ақ бүгін жаңа қызметтік көліктердің кілттері табысталып, аудандарда өрт сөндіру бекеттері ашылды.