Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының құрылғанына 51 жыл толды

Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының құрылғанына 51 жыл толды.

Алғаш рет шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» трагедиясымен ашқан өнер ордасы биыл 6 жаңа спектакльді сахналады. Соның ішінде Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесі де бар. Оқырманды адамгершілікке баулитын туынды жазушының 120 жылдық мерейтойына арналды.

«Жабайы алма» повесі Сайын Мұратбековтің шоқтығы биік шығармаларының бірі. Жазушы Жетісу облысының Қоңыр ауылында өткен оқиғалар арқылы сұрапыл соғыс жылдарын суреттейді. Бала тағдырын бейнелеп, майдан қасіретін көрсетеді. Адами қасиетті сақтауды мақсат еткен туындыдағы басты кейіпкер Қанаттың ролін актер Дарын Ерланұлы сомдады.

Дарын Ерланұлы, Б.Римова атындағы Академиялық драма театрының актері:

- Қанат енді өте зерек, ақылды бала ғой. Соғыс болып жатқанның өзінде бала бәрібір бала. Ол асық ойнайды. Достарымен көңіл көтереді. Бірақ бәрібір оларда мұң болады да. Өйткені әкелері соғыста, әкесінен қара қағаз келеді. Одан соң анасы қайтыс болады. Ең соңғы трагедиясы әжесі мен әпкесі екеуі ғана қалады. Бір Қанаттың тағдыры арқылы сол кездегі Қазақстандағы қиыншылықтың бәрін берген. 

Өнер ұжымы жақында ғана «Махаббат ол» деп аталатын тағы бір туындыны сахналады. Жастарға арналған концерттік спектакль адам бойындағы ұлы сезімге кең ауқымда және құрметпен қарауды үйретеді.

Мейіржан Нұров, Б.Римова атындағы Академиялық драма театрының актері:

- Қыз бен жігіт арасындағы махаббат, қосыла алмаған махаббат, ата мен немере арасындағы махаббат, сонымен қоса қоғамды толғандыратын дүниелер, осы бір қазақ қайда бара жатыр деген тақырыпта бір спектакльдің ішінде, «Махаббат ол» қойылымының ішінде көрінеді. 

Жыл басынан бері театрда Ш. Айтматовтың «Жәмиләсі», Рей Кунидің «Хэллоу Барселонасы», Батырхан Дәуренбековтің «Тоқты мен Серкесі», Әлішер Рахаттың «Туған күніңізбен, анашым» туындылары сахналанып, көпшілік назарына ұсынылды. Қазір жаңа жылдық ертегі және еселі еңбекті дәріптейтін пьеса дайындалып жатыр.

Сағындық Жұмәділ, Б.Римова атындағы Академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Лидия Егембердиеваның «Тағдыр тәлкегі» деген пъесасы - бұл біздің кешегі тарихымыз. Тың игеру кезіндегі тарихи тұлғалар, сол кездегі кеңестік дәуірдегі бастаманы қолдағаны. Жастардың патриоттық сезімдерін оятатын әлеуметтік-психологиялық драманы ұсынғалы отырмыз.

Биыл Талдықорғанда Қазақстанның халық артисі Бикен Римованың атымен аталатын «Бикен» фестивалі төртінші рет өткізілді. Мәдени шара отандық және шетелдік өнер ұжымдарының шығармашылық байланысын нығайтып, тәжірибе алмасатын алаңға айналып келеді.

Авторлары Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ оқыңыз: