Шымкентте 2 мың жас маман жұмыспен қамтылады

Шымкентте 2 мыңға жуық жұмыссыз жасты еңбек нарығына бейімдеуге жолдама беріледі.

Оларды «Жастар практикасы» бағдарламасымен ауыл шаруашылығы, ветеринария, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларына тарту жоспарланып отыр. Оқу орындарын тәмамдаған түлектер кәсіби біліктілігін байқатса, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

23 жастағы Төрежан Түймебаев «Жастар практикасын» тәжірибе жинаудың тиімді тетігі деп санайды. Жас маман мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, жауапты қызметке орналасты. Қазір ол импорттық өнімдерді тексеріп, сапа стандарттары мен қауіпсіздік талаптарына сай болуын қадағалайды.

Төрежан Түймебаев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау инспекциясының маманы:

- Ауыл шаруашылық жануарларында көптеген аурулар бар. Олардың таралуын алдын алу, құжаттарын тексеру, қауіпсіздікті сақтау маған жүктелген міндет. Теория жөнінде оқыған бөлек, көзбен көріп жасаған бөлек.

Ветеринариялық бақылау инспекциясында маман тапшылығы сезіледі. Сондықтан салаға жастарды көптеп тартуда мемлекеттік бағдарламаның пайдасы зор. Биыл мұндағы биологиялық талдау, шекаралық бақылау және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі бөлімдеріне төрт маман жұмысқа қабылданды.

Гүлнар Нұртаева, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау инспекциясының бөлім басшысы

- Білім деңгейлері бар. Фундамент бар. Олармен бөлімдер жұмыс жасайды. Мамандар жұмыс істейді. Білмеген жерлерді көрсетеді. Алғашқы жұмыс орны болғандықтан олардың әрі қарай мамандықты толық игеріп, мамандықтың жақсы иесі болуына біздің инспекцияда ықпал жасайды деп ойлаймын. Бізде штат саны аз қазір. Сол үшін жұмыспен қамтуға қызығушылық білдіреміз.

Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығын реттеп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге септігін тигізді. Былтыр өңірде «Жастар практикасымен» 1787 маман жұмысқа тартылды. Ал биыл кәсіптік колледж бен жоғары оқу орындарының 2 мыңдай түлегіне жолдама беру жоспарланған.

Асылбек Қабылбек, қалалық Мансап орталығының бөлім басшысы:

- 1 жыл келісімшарт жасалады. Мемлекет тарапынан 30 АЕК айлық-жалақысы төленеді. Жастар практикасы өте танымал. Сұранысқа ие. Бұл жұмыс берушілерге де тиімді. Сол жерде жұмыс істетіп, айлығын мемлекет субсидиялап береді.

Сала мамандарының айтуынша, бағдарлама қатысушыларының басым бөлігі кейін сол мекемеде тұрақты қызметте қалады. Сондықтан биыл денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, ветеринария және фармацевтикаға басымдық беріліп, салалардағы кадр тапшылығын шешу ұсынылды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов