Автолизинг неге тоқтап тұр?
Жарнамасы жер жарған автолизинг бағдарламасы басталмай жатып тоқтап қалды. Былтыр 1 желтоқсаннан бастап жұрт жаппай жаңа машина мінеміз деп қуанған еді.
Десе де пайызы төмен, шарттары жеңіл деген жобаның шарапатын Қазақстан бойынша бір-ақ адам көріпті. Автолизинг бағадарламасының жарты жолда тоқтауына не себеп? Қайта іске қосылуы мүмкін бе?
Жарнамасы жер жарған жобаның шарттары да қарапайым. Салондағы су жаңа көлікті алғашқы жарнасыз әрі несиесіз жалға алуға болады деп уәдені үйіп-төкті жауаптылар. Алайда автолизинг іскен қосылған күні-ақ қиындыққа тап болған.
Қайрат Еламанов, өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті:
- Дәл қазір шешімін таппай тек айыппұлдар мәселесі. Қазіргі заңнама бойынша көлікті жалға алған жеке тұлға оны басқару кезінде жол ережесін бұзса, айыппұл лизинг компаниясының атына тіркеледі. Төленбей қалған жағдайда компанияның шоттары бұғатталып, жұмысы тоқтайды. Яғни бір ғана жүргізушінің кесірі мыңға тиеді. Қазір Үкімет мүшелері және депутаттардың араласуымен осы проблеманы шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.
Автосарапшы Данияр Күзембаевтың айтуынша, бағдарламаның жарты жолда тоқтауына инфляцияның әсері де жоқ емес. Елдегі темір тұлпарлардың басым бөлігінің бөлшектері шетелден әкелінеді. Валюта бағамына қарай құны құбылып тұрады. Сондықтан лизингтің тиімді боларына күмәнмен қарайды.
Данияр Күзембаев, автосарапшы:
- Яғни біздегі «Қазақстанда жасалған» деген көліктердің үлесі өте аз. Оның өзінде көбісі тек құрастырылады. Бұл атауы отандық болғанымен, темір-терсегі, бөлшектері шетелдік деген сөз. Айтқым келгені импортқа тәуелділік қатты байқалады.
Автолизинг туралы жолдаған сауалымызды Сауда және интеграция министрлігі мен Өнеркәсіп және Құрылыс министрлігі бір-біріне сілтеп, жазбаша ғана жауап қатты. Онда «Forte Leasing», сондай-ақ Kia Qazaqstan компанияларымен лизинг шартын жасасқаны жазылған.
Авторы: Шерхан Абзалұлы