«Ана тілі» олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

«Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды. Атаулы шара Елордадағы Nurorda лицейінде өтті. 

Білім бәйгесіне еліміздің барлық өңірінен 9-11-сыныптың 2000-нан астам оқушысы қатысқан. Іріктеу кезеңінен үздік шыққан 64 команда республикалық финалға жолдама алды. Финалдық кезеңде қатысушылар «Пікірсайыс», «Тілшілер» және «Білімпаздар» бағыттары бойынша бақ сынады. Қазылар алқасы құрамында филолог-ғалымдар, «Білім-Инновация» лицейлерінің мамандары, тәжірибелі әдіскерлер мен белгілі қаламгерлер болды. Жүлделі орындардан бөлек, командалар «Үздіктер», «Озаттар», «Мықтылар» және «Белсенділер» аталымдары бойынша да наградталды.

Гүлшат Көптілеу, оқушы:

- Жалпы осы «Ана тілі» олимпиадасы жай олимпиада емес, зияткерлік олимпиада болады. Бұл олимпиадаға қатысу арқылы тек қана қазақ тілін меңгерген жоқпыз, қазақ тілінен бөлек, жаратылыстану бағыттары бойынша және интеллектуалды сайыстардан өттік. Сонымен қатар мен ең алғаш дебатқа қатысқан дебютім кеше болды.

Сымбат Дүйсен, оқушы:

- Негізі олимпиада өте жоғары деңгейде өтті, бізге өте қатты ұнады. Іріктеуде тек тест тапсырумен шектелдік қой, бірақ эссе жазу кезеңінде басқа олимпиадаларға қарағанда креативті эссе сұрады. Өте қызықты өтті. Әсіресе пікірсайыс өте тартысты өтті.

Жүлде қоры мұнымен шектелген жоқ. 11-сыныптың 14 оқушысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды. Атап айтқанда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, SDU University, Narxoz University және Coventry University Kazakhstan оқу гранттарын ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат тілге, әдебиетке қызығатын дарынды оқушыларға қолдау көрсетіп, олардың білім жолын кеңейту.

Рауан Кенжеханұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:

- Мемлекеттік тілдің болашағы технология мен ғылымда. Егер тіл мектеп аясында қалып қойса, ол дами алмайды, ол тұрмыста қалып қойса, шектеледі. Біздің мемлекеттік тілдегі дамуымыз сол тілдегі ғылым мен білімде деп ойлаймын. Сондықтан осындай халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымы ретінде барымызды салып, бірінші кезекте ғылым мен білім саласындағы тілдің дамуына бағытталып жатырмыз.