Алматыда «Еңбек адамы – 2025» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Байқауды Қазақстан Жазушылар Одағы мен Ұлттық инженерлік академия ұйымдастырды.
Өндіріс пен инженерлік саланың қоғамдағы беделін арттыру, еңбек адамының бейнесін көркем әдебиет арқылы кеңінен насихаттауды мақсат еткен додаға 50-ден астам шығарма түскен. Қазылар алқасы шахтердің, геологтың, мұнайшының бейнесі дәріптелген үздік 21 шығарманы анықтап, авторларын марапаттады.
Мереке Құлкенов, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:
- Қазақ жазушыларының, қазақ қаламгерлерінің жұмысшы мамандығына, жұмысшы мамандығын кейінгі ұрпаққа насихаттауға үлкен үлес деп есептейміз. Қазақтың руханияты бірін бірі қолдамай, біз алысқа бара алмаймыз. Ең басты бастауында инженерлік академия мен Қазақстан жазушылар одағы тұр.
Бас жүлде –10 миллион теңгені «Әулет» нон-фикшн романы үшін жазушы Шархан Қазығұл иеленді. Шығармада қауғамен мұнай тартып, оны түйемен тасымалдаған ХХ ғасырдың басынан бастап, қазіргі озық технологиялар заманына дейінгі аралықтағы мұнайшылардың төрт буыны туралы әңгімеленеді.
Шархан Қазығұл, жазушы:
- Бұл тақырып ең өзекті тақырыптардың біреуі. Баяғыда, кезінде социализм кезінде Ғабиден Мұстафин ағамыздан Шерхан Мұртаза ағамызға дейін көптеген жазушылар жұмысшылар туралы ауыл шаруашылығы мамандары туралы көптеген еңбектер дүниеге келген. Сол сондай үрдісті қазіргі біздің мынау нарықтық экономикаға көшкен заманда да ары қарай жалғастыра беруіміз керек деп ойлаймын.