Жаңа Конституция – ел дамуының кепілі 

Алматы облысының Шелек ауылындағы политехникалық колледж ұжымында жаңа Конституция жобасына қатысты жиын өтті. 

Білім ордасының оқытушылары мен қызметкерлері Ата Заңға енгізілетін өзгерістер елдің дамуына серпін береді деп есептейді. Ұжым мүшелерінің айтуынша, жаңа жобада білім мен ғылымды, инновацияларды дамытуға ерекше басымдық берілген. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттырып, білікті мамандар даярлауға кең мүмкіндік ашпақ. Сондай-ақ коалиция мүшелері реформалар қоғамдағы құқықтық нормаларды күшейтіп, заң үстемдігін баршаға түсінікті әрі нақты қағида ретінде орнықтыратынын жеткізді. «Заманға қарай заң мазмұны жаңаруы тиіс. Мемлекеттік құрылым мықты болу үшін күшті заң қажет», – деді коалиция мүшелері. Олар жастарды 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырды.

Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Әлемдегі өзгерістерге байланысты мемлекетіміз соған сай болсын десек, болашақ ұрпағымызға, өскелең ұрпаққа әлеуеті мен экономикасы дамыған, заң мен тәртіпке бағынған мемлекет қалдырамыз десек, соған жауап бере алатын Ата Заңымыз болу керек. Сол Ата Заңымыздың аясында бүкіл басқа да заңнамалар, басқа да нормативтік құжаттар туындайтын болады.