Семейдегі өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Өртенген балалар ойын-сауық орталығын полиция күзетіп тұр. Кеше кешкісін Семейдегі Арман сауда үйі отқа оранған еді.
Ғимараттың түтіндеп жатқаны туралы хабар өрт сөндірушілерге кеше кешкі сағат 19:00-дер шамасында келіп түскен. Құтқарушылар жедел жеткенмен, күш алып кеткен от ырыққа көнбей, үш сағат бойы әуреге салды. Ең бастысы, адамдар аман.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Өрт дәл менің артымда тұрған сауда үйінен шықты. Ғимараттың ішінен тұтанған жалын бірер минутта орталықты түгел шарпыған. Оқиға орнында 120 адам, 23 арнайы техника жұмыс істеді. Жалынмен үш сағаттан астам арпалысып, өрт түгел сөндірілді.
Руслан Байтұрсынов, Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі басқармасының бастығы:
- Қазіргі уақытта оқиға орнында құрылысты бұзу және тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Ішінде қалған адамдар жоқ. Өрттің аумағы мөлшері үш мың шаршы метрден асады.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Белгілі болғандай, өрттен қаза тапқандар жоқ, бірақ зардап шеккендер бар. Алты адам түтінге уланған. Оларың үшеуі ересек болса, үшеуі кішкентай бала. Науқастардың бесеуі үйіне жіберілді, бір адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы тұрақты. Ал отқа оранған ғимарат маңындағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері кезекшілікте тұрды.
Ернар Базаров, Абай облысы ПД бастығының орынбасары:
- Келушілер мен орталықта жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы шығарылған болатын. Барлығы эвакуацияланды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында «Бала парктің» айналасының бәрі қоршауға алынды.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Құтқарушылар өртті түнгі сағат 22:08-де түгел сөндірді. Жалын 3 мың шаршы метрден астам жерді шарпып үлгерген. Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұы, Мәди Базарбеков