БҚО-да ет экспорты артты

Батыс Қазақстанда былтыр мал басы 110%-ға өсіп, өндірілген ет көлемі артты. Экспорттың да әлеуеті зор.

Өңірде мал бордақылайтын 18 алаң бар. Соның біреуінде ғана ет өндіріледі. Ет экспорттайтын бордақылау алаңдарына квота беру шарты  жеңілдесе,  шаруалар сыртқа сатылатын ет көлемін көбейтуге әзір. 

Стендап Ерденбек, тілші:

- Ауылшаруашылық әлеуеті жөнінен Батыс Қазақстан облысы аймақтар арасында жетекші орын алады. Егер елімізде мүйізді ірі қараның саны 8,2 млн болса, соның әрбір сегізіншісі батысқазақстандық шаруалардың еншісінде. Облыста 330 мыңдай жылқы, 1 млн 400 мыңдай қой-ешкі бар. 

Өңір шаруалары былтыр 30 мың тонна сиыр етін өндірді. Ал облыстың жылдық сұранысы 14 мың тонна. Артылған өнім өзге өңірлерге жіберілді. Көрші елдерге 5 жарым мың бас бұқа, 657 тонна сиыр еті, 453 тонна қалбырдағы ет шығарылған. «Былтырдан бастап, малды тірілей шекара асыруға тыйым салынбағанда, экспорт көлемі бұдан да көп болар еді», - дейді шаруалар. Ал шетелге ет сатуға қуаты 5 мың бастан жоғары бордақылау кешендеріне ғана рұқсат беріледі. Ондай кәсіпорын өңірде жалғыз. Янайкин ауылындағы 12 жыл бойы жұмыс істемей тұрған мал семірту алаңы 2024-тің аяғында ғана іске қосылған  еді. Кәсіпорын соңғы 2 айда 480 тонна етті шетелге сатқан.

Қайыржан Наурызғалиев, кәсіпорын басшысы:

- Бір жарым жылда 16 мың бас малды бордақыладық. Негізінен Өзбекстан мен Тәжікстанға ет шығарып жатырмыз. Қалғанын Алматы мен Астана, Ақтау, Атырауға жібереміз. Осы арқылы ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етеміз. Әрине шетел нарығына ет шығару оңай емес, ол жақта да делдалдар жетерлік. 

Мал бордақылау кешенінде 9 мың бас мал бар. Кешен торпақтарды жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарынан қабылдайды. Алты ай жемдейді. Осылайша өңір шаруалары малдарын тиімді бағамен өткізеді.

Сырым Жалдығұлов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мысалы, бір 7-8 айлық бұқашық 250 келі болса, ол 1800-бен есептегенде 450 мың теңгені құрайды. 450 мыңға осы уақытқа дейін ешкім сиыр сата алмады. Адамдар мал басына 75 мың теңге субсидия алып отыр. 250 келіге дейін. Демек бір бас 525 мыңға шығады. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығының мәліметінше, биыл ет экспорттаушыларға талап жеңілдетіледі. Бұрын квота тек қуаты 5 мың бастан жоғары мал бордақылау алаңдарына берілсе, енді ол 500 басқа түседі. Сонда өңірдің экспорттық әлеуеті артары сөзсіз.

Мейрамбек Ерақаев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бізде облыста 500 бастан астам бордақылау орны бар, 18 бордақылау алаңы бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 46 мың басты құрап отыр. Егер мысалы, квотаны беру талабын өзгертетін жағдайда 500-ге өзгеретін болса, жаңа айтып тұрғандай 18 бордақылау алаңының мүмкіндігі ашылады және бұларда қазіргі уақытта 17 мыңнан астам мал бордақылауда тұр. 

Орал өңірінен былтыр өзге аймақтарға 115 мың бас сиыр сатылған. Соның ішінде Атырау облысына 28 мың, Маңғыстауға 21 мың, Қарағандыға 27 мың, Түркістан, Ақтөбе, Қостанай облыстарына 11 мың бастан ірі қара шығарылыпты. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов