Әскерилерге Конституцияның жаңа жобасы түсіндірілді
Елде алдағы референдум аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Астанада Жалпыұлттық коалиция өкілдері әскери бөлімге барып, 1200-ден астам сарбазбен кездесті.
Онда Ата Заңға енгізілетін жаңа өзгерістердің маңыздылығы айтылды. Бүгін Астанадағы Ұлттық Ұланға қарасты 5573 әскери бөлімінде жаңа Ата Заң жобасы талқыланды. Онда қоғам белсенділері мен мәжіліс депутаттары, Жалпыұлттық Коалиция өкілдері әскери қызметшілермен, жауынгерлермен кездесіп, пікірін тыңдады. Одан бөлек, референдумға белсене қатысуға шақырды.
Серікзат Дүйсенғазы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы:
- Ұлттық Ұланымыз басқа әскерлеріміз де осы уақытта өзін дамыту керек. Яғни ғалымдармен бірлескен жұмыс жүргізу керек. Цифровизациямен қарулану керек. Қазіргі қақтығыстарды байқап отырсыздар, теңіздің екі жағынан отырып, әскерлер бір-бірімен кездеспей-ақ соғыс жүріп жатыр. Бұл дегеніміз цифровизацияның, ЖИ-дің күшейген заманындағы әскердің көрінісі.
Референдум – халықтың өз тағдырын өзі айқындайтын маңызды қадам. Сол үшін Ата Заң жобасын талқылауда әскери азаматтардың рөлі қашанда жоғары.
Бейбарыс Жүніс, қатардағы жауынгер:
- Бірлік пен жауапкершілік танытып, ортақ шешім қабылдау – тәуелсіз елдің берік іргетасы. Референдум – бұл жай дауыс беру емес. Бұл – ұлттың үні. Біздің әр дауысымыз болашаққа қалдыратын аманат. Болашағымыз жарқын болуы үшін саналы шешім қабылдау.
Нұрсұлтан Рахымбай, 5573 әскери бөлімінің басқарма офицері:
- Адамдардың жеке құқығы, оларға қандай мүмкіншіліктер беріледі, Конституциямызға қандай заңдар енгізіледі, солар бойынша сарбаздарымызға, келісімшарт бойынша әскери қызметкерлерге, офицерлерге күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, 15 наурызда елде республикалық референдум өтеді. Бұл күні азаматтар Конституцияның жаңа жобасына қатысты өз таңдауын жасайды.
Авторлары: Мерей Қанапия, Мұрат Әріпхан