Жаңа Конституцияға 100 күн: маңызды өзгерістер және алғашқы нәтижелер

Фото: ЖИ

2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына 100 күннен асты. Осы кезеңде Ата заңда көзделген саяси өзгерістерді іске асыру басталды: бір палаталы Құрылтайдың құрамы жасақталып, Қазақстан Халық Кеңесі құрылды, Вице-Президент лауазымы енгізілді. Жаңа Конституция елдің саяси жүйесіне қандай өзгерістер әкелді?  «24KZ» негізгі жаңалықтарға шолу жасады.

Жаңа Конституция 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданды. Құжат мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.


Құрылтай: заң шығару жүйесіндегі өзгеріс

Жаңа Ата заңға сәйкес, екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылды. Заң шығару рәсімі үш оқылымнан тұрады. Бұл заң жобаларын кезең-кезеңімен талқылап, олардың мазмұнын жан-жақты қарауға мүмкіндік береді.
Құрылтайдың құрылуы заң шығару үдерісін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам саналады. Жаңа жүйеде заң жобаларын талқылау мен қабылдау тәртібі өзгеріп, өкілді органның жауапкершілігіне басымдық беріледі.


Қазақстан Халық Кеңесі құрылды

Конституцияда көзделген тағы бір жаңалық – Қазақстан Халық Кеңесі. Бұл – халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның негізгі міндеттері – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы берілген. Бұл азаматтардың ұсыныстарын мемлекеттік шешімдер қабылдау деңгейіне жеткізудің қосымша тетігі болмақ.


Вице-Президент лауазымы енгізілді

Жаңа Конституцияда Вице-Президент лауазымы қарастырылған. Бұл қызметке Ерлан Қарин тағайындалды. Вице-Президент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президенттің атынан өкілдік етеді және оған жүктелген өзге де міндеттерді орындайды.


Адам құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтілді

Жаңа Ата заңда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған бірқатар кепілдік кеңейтілді. Атап айтқанда, ұсталған сәттен бастап қорғалу құқығы, негізсіз ұстауға тыйым салу, бас бостандықты шектеуге сот бақылауын қамтамасыз ету және өзіне қарсы айғақ бермеу құқығы бекітілді.

Жеке өмірге қол сұғылмау кепілдіктері де кеңейтілді. Енді конституциялық қорғау дербес деректерді, хат-хабарларды, телефон арқылы сөйлесулерді, банк операцияларын және цифрлық ортадағы өзге де хабарламаларды қамтиды.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталған.


Конституция үстемдігі және жаңа басымдықтар

Жаңа Конституция бойынша, елдегі барлық заң Ата заңға қайшы келмеуге тиіс. Сондай-ақ азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жауапкершілігін күшейтетін заңдарды кері күшпен қолдануға жол берілмейді.
Ата заңда адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдықтары ретінде айқындалған. Бұған қоса заң мен тәртіп үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, халықтың әл-ауқатын арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру қағидаттарына мән берілген.
Қазақстанның Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығы өзгеріссіз сақталды.

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін саяси жүйедегі өзгерістерді жүзеге асыру басталды. Ендігі басты міндет – Ата заңда бекітілген нормаларды іс жүзінде орындау. Реформалардың нәтижесі жаңа институттардың құрылуымен ғана емес, олардың азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқаруды жақсартуға қаншалықты ықпал ететінімен де өлшенеді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: