Halyk заманауи өнерді қолдайды

Биыл жазда Алматыда танымал америкалық суретші Билл Виоланың көрмесі өтеді. Бұл – оның Орталық Азиядағы алғашқы көрмесі. 

Жоба Almaty Museum of Arts және Halyk Bank арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге аспақ. Екі тарап еліміздегі заманауи өнерді, ұзақ мерзімді дамыту мен қолдауға бағытталған стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды. 

Halyk заманауи өнерді қолдайды 

Almaty Museum of Arts экспозициясын кеңейтіп жатыр. Қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты көрмесі жаңа арт-нысандармен толықты. Оның біразы жасанды интеллект көмегімен жасалған. Бұл жоба көрменің екінші бөлімінің жалғасы ретінде жүзеге асырылып, заманауи өнерді қолдауға арналған кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болады.

Үміт Шаяхметова, Halyk Bank басқарма төрайымы:

- Біз үшін, Halyk үшін, бұл мәдениет пен өнерді қолдаудағы тағы бір қадам. Біз ауқымды әлеуметтік жобаларымызды қолдаймыз. Көп инвестиция саламыз. Мысалы, соңғы 5 жылда біз Халық қоры мен Halyk Bank  арқылы еліміздегі әлеуметтік саланы қолдауға 62 миллиард теңге бөлдік.

Билл Виоланың көпке танымал жұмыстары Алматы өнер мұражайының топтамасында қазірдің өзінде бар. Осы жазда мұражай шебердің Орталық Азиядағы алғашқы ауқымды көрмесін өткізуді жоспарлап отыр. 

Нұрлан Смағұлов, Almaty Museum Of Arts негізін қалаушы:

- Біз тез келісімге келіп нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Енді биылғы маусым айында америкалық суретші, бейне арт туындыларының авторы Билл Виоланың халықаралық көрмесі өтеді. Сондай-ақ Halyk Bank-пен бірге бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырамыз. Біздің мұражайдың бас серіктесі еліміздің жетекші қаржы институты Halyk Bank болғанына өте қуаныштымыз.

Almaty Museum of Arts былтыр қыркүйекте ашылған. Қазір оған өнерсүйер қауымның қызығушылығы артып келеді. Алты айдың ішінде 250 мыңнан астам адам келіп үлгерді. Halyk Bank-тің қолдауы мұражайға Қазақстанға әлемдік туындыларды әкеліп, заманауи өнерді халыққа таныстыруға мүмкіндік береді.

 Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов