Қарағанды облысында өңірдің дамуына үлес қосқан әйелдерге құрмет көрсетілді

8 наурыз мерекесі қарсаңында Қарағанды облысында өңірдің дамуына үлес қосқан әйелдерге құрмет көрсетілді.

Оларға мемлекеттік наградалар табысталды. Марапатталғандардың қатарында көпбалалы аналар, дәрігерлер, өнер адамдары және түрлі сала басшылары бар. Қыз-келіншектерді Қарағанды облысының әкімі мерекемен құттықтап, олардың қоғам өміріндегі маңызды ролін атап өтті.

Салтанатты жиында марапатталғандардың қатарында қалалық балалар ауруханасының директоры Перизат Өмірзақова бар. Ол медицина саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Соның 10 жылын ауыл медицинасына арнаған. Табандылығы, мамандығына деген адалдығы үшін оған III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені табысталды.

Перизат Өмірзақова, Қарағанды қаласы көп бейінді балалар ауруханасының директоры:

- Жалғыз менің марапатым емес, біздің дәрігерлердің еңбегі деп ойлаймын. Сондықтан үлкен рахмет бүгінгі еңбегімізді бағалап жатқанына. Келе жатқан үлкен мереке құтты болсын! 

Қарағанды облысындағы мереке иелерінің саны 588 мыңдай. Олар түрлі салада еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүр. Қазір өңірдегі 53 мыңнан астам компанияны әйелдер басқарады. Бұл аймақтағы жалпы бизнестің жартысына жуығы. Былтыр 177 қыз-келіншек өз ісін ашу үшін грант алды. Өңір басшысы әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі мен еңбегін ерекше атап өтті.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Еңбектеріңіз ерекше, өздеріңізге жүрекжарды лебізімізді күн сайын білдірсек те артық етпейді. Сіздер тек отбасының ғана емес, еліміздің де тірегісіздер. Кәсіби жетістіктеріңізбен ғана емес, ұрпақ тәрбиесіндегі баға жетпес еңбектеріңізбен елдің болашағына үлес қосып келесіздер. 

Бұл күні кәсіби қызметінде, өз саласында  ерекше жетістіктерге жеткен  қыз-келіншектер  III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Бұдан бөлек көп балалы аналарға ұрпақ тәрбиесіне және отбасылық құндылықтарды нығайтуға қосқан үлесі үшін «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілері табысталды. Былтыр өңірде 13 мыңнан астам сәби  дүниеге келді.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков