Солтүстік Қазақстан облысында инновациялық музей ашылды

Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Новоишимка ауылындағы мәдени ошақта сақталған тарихи-өлкетану мұралары толық цифрландырылған. 

Сонымен қатар интерактивті кеңістікте әлемнің кез келген мұражайына виртуалды саяхат жасауға болады.

Инновациялық музей 4 аймаққа бөлінген. Бұл жерде Ғабит Мүсірепов ауданының тарихымен танысып, табиғи және туристік мұрасын білуге болады. Интерактивті кеңістік толық цифрландырылған. Мәдени ошақта әзірге 50-ге жуық құнды мәлімет сандық үлгіге көшірілді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл музейде археологиялық қазба жұмыстарын вертуалды түрде жүргізуге болады. Мәселен, мына бір көгілдір экранға Алтын Адам қорғанын, Ботай мәдениеті мен Ақтөбе шеберлер қаласын шығаруға болады. Оның ішінде Ботай мәдениетін таңдайық. Міне қазба жұмыстары. Ал осы жерден табылған электронды құнды жәдігерлер бірден 3Д принтерінде жасап шығарылады. 

Келушілерге «Аудан дауысы» қабырғасы ұсынылған. IT мамандары жасанды интеллект арқылы Тоқсан би, Ғабит Мүсірепов пен ауданның белгілі тұлғаларын сөйлетіп, цифрлық бейнелерін жасап шығарған.

Нұрлыбек Қисықов, Новоишим ауылының тұрғыны:

- Кешегі өткен дәуірдің үнсіз куәгерлері, жәдігерлері айтатын сыры бөлек. Ал енді мына цифрлы мұражайға кірген кезде бұл жерде көрсетілім қойлымайды, ұғындырады, жүрегіңе жетеді. Өйткені, бұл мұражайда сен өзіңнің қалағаныңды көре аласың, Іздегеніңді таба аласың. 

Ғабит Мүсірепов ауданының тарихы мен мәдениетін білуге келген адамдарға интерактивті гид қызмет көрсетеді. Сонымен қатар бұл жерде вертуалды саяхаттар ұйымдастырылған.

Нұрайым Шарбекова, мектеп оқушысы:

- Біз осы музейдің ішінде тұрып біздің Қазақстанның және барлық жердің түкпір-түкпіріндегі танымал музейлерге саяхат жасай аламыз. Ол 3Д очкиі арқылы жүзеге асырылады. 

Президент Қасым Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақстан 3 жылдың ішінде цифрлық мемлекетке айналуы керек» деген тапсырма жүктеді. Осыған байланысты 2026 цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Жаңа технологиялар экономиканың әр саласын қамтуы тиіс.

Берік Сапанов, Ғабит Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:

- Ел Президенті Қызылорда облысындағы 5-Құрылтайда айтқандай, осы мәдени мұраларды цифрландыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Негізгі біздің мұражайымыз жай ғана заттардан құралған болса, бүгінгі күні сол заттардың бәрі цифрландырылды жаңа форматқа. Контентті жақсартып, жаңа форматта осы өзіміздің музейдегі жаңа жабдықталған құрылғыларға енгіздік. 

Өңірде креатив индустриясын дамыту жөнінде «Digital Aimaq» жобасы қолға алынды. Қазір облыс бойынша 11 заманауи IT орталық ашылған. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков