Павлодарда 30-ға жуық әскери қызметші әйел ел тыныштығын күзетеді
Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінде 30-ға жуық әскери қызметші қыз-келіншек ел тыныштығын күзетіп, жауапты міндеттерді мінсіз атқарып жүр.
Әскери тәртіп пен жоғары жауапкершілікті талап ететін қызметте нәзік жандылардың табандылығы мен кәсібилігі ерекше құрметке лайық.
Әскери қызметшілердің әр күні таңғы сап түзеуден басталады. Онда күн тәртібі нақтыланып, міндеттер бөлінеді. Нұрсәуле Тоқтарова бұл саланы жүрек қалауымен таңдаған. Бастапқыда ата-анасы қарсы болыпты. Табандылығының арқасында арманына жетті. Әскери бөлімде мемлекеттік тілден сабақ беретін маманның даярлаған сарбаздары екі жыл қатарынан республикалық байқауда жүлделі орынға ие болған.
Нұрсәуле Тоқтарова, 6679 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі маманы:
- Әйел адам бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді дейді ғой. Сол себепті ешқандай қиыншылық жоқ. Әлемді де тербетуге, бесікті де тербетуге дайынбыз. Ер адамдармен қатар бір сапта тұрып, Отанға қызмет ету мен үшін үлкен жетістік, мақтаныш деп білемін.
Қыз-келіншектер негізінен кеңсе ішіндегі жұмыстармен айналысады. Олар әкімшілік бағытта еңбек етіп, іс-қағаздарын жүргізеді, қаржы саласына жауап береді. Дегенмен, әскери дайындықтардан ешкім босатылмайды. Барлығы да белгіленген тәртіпке сай оқу-жаттығуларға қатысып, кәсіби шеберліктерін шыңдайды.
Манарбек Мусарьянов, 6679 әскери бөлім командирінің орынбасары:
- Олар өте тиянақты, жауапкершілігі жоғары әрі ұқыпты жандар. Барша аруларды мерекемен құттықтаймын. Оларға зор денсаулық, бақыт, бақ-береке және ашық аспан тілеймін. Сондай-ақ, біздің алдыңғы шепте қызмет атқарып жүрген әскери қызметші әйелдерге ерекше тоқталғым келеді. Олар түзету мекемелерін күзетеді. Сотталғандарға арналған сәлем-сауқаттарды тексерумен тікелей айналысады. Қазіргі уақытта да өздерінің қызметтік міндеттерін атқару үстінде.
Жауапкершілік жүгін арқалаған әскери қызметшілер барлық тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Олар кез келген қиындыққа қайсарлықпен қарсы тұрып, сынақтарға төтеп беруге дайын.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Әскери жарғы бойынша ер мен әйел болып бөлінбейді. Бәрі әскери қызметші. Мүдде де, жауапкершілік те ортақ. Салмағы 10-15 келі болатын мына менің үстімдегі бронежилет адам өмірін сақтауға арналған қорғаныс құралы. Оны киіп қана қоймай жүгіруге, түрлі жаттығуларды жасауға тура келеді. Өйткені әскери тәртіп қатаң.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков