Ертіс өңірінде 9 айда 600 адам құтқарылды
Павлодарлық құтқарушылар да әркез сақадай сай отырады. Себебі мұнда Қара Ертістей үлкен өзен ғана емес, таулы, орманды алқап көп, деп хабарлайды 24KZ.
Соған орай техникаларын да жаңартып отырады. Батпаққа, тау-тасқа өздігінен шығатын техникалар да осында.
Бұдан бөлек, қым-қуыт қалада өрт те, өзге де апаттар да болып тұратыны анық. Павлодарлық құтқарушылар төтенше жағдайға қалай әзірленеді?
Құтқарушылардың жұмысы өрт сөндірумен ғана шектелмейді. Олар іздестіру-құтқару операцияларын жүргізіп, апат салдарын жояды, зардап шеккендерге көмек көрсетеді. 9 айда Павлодар облысының құтқарушылары 4 мың 300-ден астам шақыртуға шыққан. Жедел әрекеттің нәтижесінде 600 адам құтқарылып, 300 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар жүздеген адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Қайрат Шаймерденов, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары:
– Біз өрт сөндіруге арналған және өзге де мамандандырылған техникаларды тұрақты жаңартып отырамыз. Жыл соңына дейін тағы 10 автоцистерна сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар биіктігі 50 метрге дейін көтерілетін автосаты алынады. Жақын арада жанар-жағармай тасымалдайтын көлік те жеткізіледі. Ол төтенше жағдайлар кезінде қажетті отын қорын тасымалдауға мүмкіндік береді.
Төтенше жағдайда әр минуттың маңызы зор. Сондықтан құтқарушылар кәсіби дағдыларын ұдайы шыңдап, техникалық мүмкіндіктерін жетілдіріп келеді. Жақында өрт зерттеу-сынақ зертханасы жаңа құралдармен жабдықталды. Енді мамандар оқиға орнында өрттің шығу себебі мен ошағын анықтауға мүмкіндік беретін заманауи әдістерді қолданады.
Ринат Аутанов, Павлодар облысы ТЖД өрт зерттеу-сынақ зертханасының бас маманы:
– Биыл құйынды ток әдісін енгіздік. Металл жоғары температураның әсеріне ұшыраған кезде оның бетінде қақ пен оксид қабаты пайда болады. Осы қабаттың ерекшеліктерін өлшеу арқылы өрт ошағын анықтаймыз. Сонымен қатар қол жетуі қиын жерлерді тексеруге арналған эндоскоп құрылғысы алынды. Мәселен, қозғалтқыш бөлігін немесе пештің ішін көзбен көру мүмкін болмаған жағдайда, арнайы камераның көмегімен тексеру жүргіземіз.
Төтенше жағдайларды жою мен іздестіру жұмыстарына төрт аяқты көмекшілер де атсалысады. Кинолог Галина Куценко бұл салада отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, іздестіру иттерін үйрету үлкен шыдамдылық пен күнделікті жаттығуды қажет етеді. Қызметке алынған иттер арнайы іріктеуден өтіп, аттестацияланады.
Галина Куценко, Павлодар облысы ТЖД кинологиялық бөлімшесінің басшысы:
– Қазір қызметімізде іздестіру-құтқару жұмыстарына аттестатталған екі ит бар. Олар төтенше жағдай аймақтарында үйінді астында қалған адамдарды, жалпы тірі адамды иіс арқылы іздеуге үйретілген.
Құтқарушылардың жоғары дайындығы мен шұғыл әрекетінің артында күнделікті жаттығу, темірдей тәртіп пен үздіксіз ізденіс жатыр. Техниканы жаңарту мен жаңа құралдарды енгізудегі басты мақсат – төтенше жағдай кезінде көмекке жедел жетіп, адам өмірін сақтау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Дәулет Қошқарбаев