Оралда тасқынның алдын алуға сарбаздар көмекке келді

Орал қаласында көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына Ұлттық ұлан сарбаздары да кірісті.

Қазір әскери қызметшілер коммуналдық кәсіпорындарға көмектесіп, арықтарды тазалауда. Сонымен қатар Деркөл, Шаған, Жайық өзендерінің жайылмасында орналасқан саяжай тұрғындарына биылғы тасқын қаупі ескертілуде. Мамандардың мәлімдеуінше, Тасқала, Бәйтерек аудандарын және Орал қаласына қарасты саяжайларды су басуы ықтимал.

Орал қаласында 140 саяжай серіктестігі бар. Олардың көбі қазір қаңырап тұр. 2024 жылғы су тасқынынан кейін өзен жайылмасындағы үйлердің көбі жарамсыз болды, иелеріне басқа баспана беріліп, жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Дегенмен әлі де мыңдаған отбасы саяжайда қысы-жазы тұрып жатыр. Қазір төтенше жағдай қызметкерлері үй-үйді аралап, тасқын қаупін ескертуде.

Орал қаласының тұрғыны Юрий Горусин «Зенит» саяжай серіктестігіндегі үйін осыдан 3 жыл бұрын салыпты. Содан бері қысы-жазы осында. «Қаланың у-шуынан қашықта, табиғат аясында өмір сүргенді жаным қалайды», - дейді ол. Екі жыл бұрын Шаған тасығанда су үйдің белортасына келіпті. Өздері бірнеше күн бұрын қашып шығыпты.

Юрий Горусин, саяжай тұрғыны:

- Бізге ол кезде алдын-ала ескертті. Су басатыны туралы барлық ақпарат көздерінен де, көшені аралап та айтып жатты ғой. Керек дүниенің бәрін шығарып үлгердік. Биыл да қамсыз отырған жоқпыз. Өзен көтеріле бастағанда жиналсақ үлгереміз. Әзірге тасқынға ерте.

Орал қаласында су басуы ықтимал 15 учаске айқындалған. Қар суы жеке сектордағы үйлерге қауіп төндірсе, Деркөл, Шаған, Жайық өзендері саяжайларды басуы мүмкін. Қазір облыста 300-дей уақытша паналау орындары әзірленген. 2 мыңдай түрлі техника мен 4 мың жарымдай маман тасқынның алдын-алуға сақадай-сай тұр. Күні бүгін арықтар аршылып, елді мекендерден қар шығарылуда.

Нұралы Мусиев, БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:

- Зашаған кентінде қазіргі таңда аулаларынан қар шығармаған тұрғын үйлердің иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту қағаздары парақтары берілді. Сонымен бірге қазіргі таңда коммуналдық қызметтерге көмек ретінде біздің облыс аумағында орналасқан сарбаздар көмек ретінде жаңағы су өткізу арықтарын тазалап жатыр. Жалпы облыс аумағында қазіргі таңда барлық елді мекендер ерекше бақылауда.

«Қазгидромет» мамандарының мәлімдеуінше, өңірдегі қар жамылғысы көп жылдық нормадан 11% жоғары, алайда жердегі тоң қалың емес. Сондықтан биыл өңірде су тасқыны болуы екіталай. Дегенмен қамданған қапы қалмас. Наурыздың 11-нен бастап оңтүстік аудандарға көктем келмек.

Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры:

- Биыл қар облысымызға қалың түсті. Бірақ қардың қалыңдығына қарамастан ондағы ылғал қоры көпжылдық мәліметтерден аспайды. 11 наурызға дейін облыс территориясы жаңағы солтүстік ауа массаларының ықпалында болады және аязды күндер болады. Түнгі температура -20 градусқа дейін төмендейді. Содан кейін 11-нен бастап біртіндеп ауа температурасы көтеріледі.

Өңірдің басты су жолдары Жайық, Шаған, және Қараөзен мен Сарыөзен. Аталған өзендер ағысының 80 пайызы Ресей аумағында қалыптасады. Қазір су шаруашылығы мамандары Орынбор, Саратов облыстарымен, Башқортостанның тиісті мекемелерімен тұрақты ақпарат алмасуда.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылгасов, Э. Аюпов