Елде референдумға дайындық қызу жүріп жатыр

Референдум - азаматтардың таңдауын білдіруге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Оған қатысу – әр азаматтың құқығы.

Қазір өңірлерде саяси науқанға әзірлік қызып жатыр. Бүгін Орталық референдум комиссиясының мүшелері елдегі бірқатар сайлау учаскесінің дайындық барысын пысықтады.

Ел үшін маңызды саяси науқанның өтуіне санаулы күндер қалды. Қазір шараға әзірлік қыз-қыз қайнап жатыр. Әр өңірдегі жағдайды Орталық референдум комиссиясы жіті бақылауда ұстап отыр. Жергілікті атқарушы органдармен байланысқа шығып, айтылған сын-ескертпелердің уақтылы түзетілуін қадағалайды. Алдағы Референдумда әр қазақстандықтың дауысы маңызды. Ал тұрғындардың алаңсыз таңдау жасауына жағдай жасау бірінші кезектегі мәселе.

Нұрлан Әбдіров, Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

- Мүгедектігі бар адамдар үшін бірсыпыра жаңалық енгізілді: біріншіден, мәтіні қағазға жазылып шыққан Конституция жобасымен қатар аудио мәтін жасадық. Оған «Қазақ» радиосындағы біздің әріптестерімізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Өйткені олар өздерінің кәсіби даусымен аудиосын жазып берді. Әрбір 10 411 учаскенің бәрі қамтылды. Бір ерекшелігі: тұтас мәтін емес. Жеке-жеке белгіленген. Керек болса, Президент туралы, Құрылтай туралы басып тыңдап шығуға болады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қызметтің бұл түрі барлық өңірде қолжетімді. Ел бойынша 10 мыңнан астам дауыс беру учаскесі жасақталған. Оның 50 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды. Егер азамат өзін тұрғылықты мекен жайы бойынша дауыс берушілер тізімінен таппаса, комиссия мүшелері сол жерде дереу көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, 220 дауыс беру бөлімшесінде 1 күндік тіркеу қарастырылған.

Нұрлан Әбдіров, Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

- Қазір Қазақстанда тіркеуде жоқ жан-жақтан келіп жатқан адамдар да бар. Олар дауыс беретін учаскеге келіп, өзін таппайтын болса, комиссия әрбір ауданда Астана бойынша 5 учаске бар, республика бойныша 220, ол жерге бір күнге тіркеліп, комисиия оны тізімге кіргізеді. Дауыс беретін мүмкіндік бар. Біле тұрса, алдын ала тіркеуден шығу куәлігін алып алу керек. Ондай куәлікті 14 наурыз сағат 18.00 дейін ала алады.

Референдум - азаматтардың таңдауын білдіруге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Сондықтан оның кемшіліксіз өтуіне қазірден қамданған ләзім дейді, - мамандар. Бұл іске елде 70 мыңнан астам комиссия мүшесі жұмылады. Олардың 800-ден астамы кәсіби, қалғаны түрлі сала мен санаттағы азаматтар. Сондықтан ұйымдастырушылардың білім-білігін арттырып, тәжірибесін шыңдауға ерекше мән беріліп жатыр.

Авторы: Назерке Тоқжан