Әулиеата өңірі көктемгі егіске әзір отыр
Жамбыл облысы 10 мыңнан астам техникасын дайындап, көктемгі егіске сақадай сай отыр. Жеңілдетілген бағада жанармай мен тұқым да әзір.
Диқандар енді бір аптадан соң атырапқа дән себуді бастап кетпек.
Анзор Бешлы-Оглы басқаратын шаруа қожалығы 40 жылдан бері егін шаруашылымен айналысып келеді. Қожалық иелігінде 100 гектар жер бар. Оның жартысы жайылымдық алқап. Қалған бөлігіне қант қызылшасы мен жүгері егіледі. Қазір диқанның 10 техникасы көктемгі дала жұмыстарына сақадай сай тұр.
Анзор Бешлы-Оглы, шаруа қожалығының басшысы:
- Барлық техникамызды толықтай дайындап қойдық. Жүгері мен қызылша жинайтын бірнеше комбайнымыз бар. Оларға арналған дән сепкішті де жөндеп қойдық. Екі апта бұрын қызылшаға арналған жаңа дән сепкіш сатып алдым. Ауа райы жайлы болса, дән егі жұмыстарын бастай береміз.
Биыл аймақтағы 76 канал қайта жаңғыртудан өтеді. Сондықтан сол арналар арқылы су алатын алқаптарға биыл егін егілмейді. Жалпы өңірде егістік көлемі 627 мың гектарға қысқарды. Жауаптылар басымдықты майлы дақылдарға, жүгері мен қант қызылшасына беріп отыр. Себебі аймақта жылына 300 мың тонна өнім өңдейтін жүгері өңдеу зауытының құрылысы аяқталуға жақын. «Сондай-ақ қант қызылшасын қабылдауда да мәселе болмайды», - дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.
Төлебек Құлекеев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Меркі қант зауытынан бөлек Тараз қант зауыты биыл модернизация жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қыркүйек қазан қараша айларында жұмыс толығымен аяқталып Тараз қант зауыты да Қант қызылшасын қабылдауға кірісе бастайды. Тараз қант зауыты шамамен 250 мың тонна қант қабылдаса, Меркі қант зауыты да сол көлемде қабылдайды деп жоспарланып отыр.
Шаруаларды қолдау мақсатында биыл 16 мың тоннаға жуық дизель отыны дайындалды. Жанар жағар май 208 теңгеден беріледі. Ал отандық тыңайтқышты сатып алған диқандардың 60 пайыз шығыны субсидия есебінен қайтарылады. Сондай-ақ будан тұқымдарын сатып алған қожалықтарға да шығының жартысы мемлекет есебінен субсидияланбақ.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә