Соңғы жеті жылда елде 3593 шақырым темір жол желісі жаңартылды
Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде тасымал көлемі бес есе өсті. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.
Ал биыл бірнеше ірі жоба қолға алынып, жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс. Олардың кейбірі күрделі жөндеуден өтсе, біразы жаңғыртылмақ.
Биыл «Мойынты-Қызылжар», «Дарбаза-Мақтаарал», «Алтынкөл-Жетіген» және «Бейнеу-Маңғыстау» бағыттарындағы құрылыс пен жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Аталған жобалар 2024–2025 жылдары басталған. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Министрлік жобалар уақытылы қолданысқа беріледі деп мәлімдеді. Себебі мұнда халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты тартылған.
Темірхан Мұсағалиев, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:
- «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы жобаларды жүзеге асыру мақсатында халықаралық банктерден қарыз алады. Оған мемлекет кепілдік береді. Бұл жобаларды уақытында және сапалы аяқтауға мүмкіндік береді. Бұл жобалар кілт тапсыру қағидатымен жүзеге асырылып отыр.
Бұл жобалар жүк жеткізу уақытын қысқартып, темір жолдың өткізу қабілетін арттырмақ. Сонымен қатар ашықтықты қамтамасыз ету үшін цифрландыру бағытындағы жобалар да қолға алынған.
Серік Мұратбекұлы, «Қазтеміртранс» АҚ Ақпараттық жүйелер және технологиялар департаментінің директоры:
- Жоспарлау мен жүк тасымалын автоматтандыру үшін заманауи айти шешімдер қолданып жатырмыз. Болашақта бұл барлық ақпараттық жүйелерді біріктіріп, ортақ экожүйе қалыптастырады. Жыл соңына дейін теміржол желісі операторының жүк вагондарын беру процесін толық автоматтандыру жоспарланған.
Соңғы жылдары транскаспий бағытының маңызы артып, батысқа тасымалданатын жүк еліміз арқылы көптеп өте бастады. Мәселен кейінгі 7 жылда Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде тасымал көлемі бес есе өсті. Сөйтіп жылына 0,8 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін жетті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Теңіз порттарының өндірістік қуатын кеңейту қолға алынды, терминалдар жаңартылып, өткізу қабілеті артып келеді. Негізгі тораптың бірі Жетісу облысындағы «Қорғас» құрғақ жүк порты арқылы жыл сайын жүздеген мың контейнер өтеді. Алматы және Жетісу облыстарында жүктерді бір орталыққа шоғырландырып, өңдеуден өткізетін логистикалық орталықтар желісі құрылды.
Көкшетауда 40 жылдан аса тарихы бар вокзал жаңартылып жатыр. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрылыс жөніндегі басқарушы директорының айтуынша, бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстарының 93 пайызы аяқталған. Қазір негізінен ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік жүйелер орнатылуда. Сондай-ақ өңірде 16 вокзал жаңғыртылған. Оның ішінде жеті нысанда реконструкция жұмыстары жүріп жатыр және олардың дайындық деңгейі шамамен 90 пайызға жеткен. Ал тағы тоғыз вокзал толықтай бұзылып, олардың орнына жаңа ғимараттар салу жоспарланған. Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы ел көлемінде жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін елде 124 теміржол вокзалы жаңғыртылатын болады.
Ерсұлтан Әбдірахманов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы:
- Болат жолдың әлеуеті жүк қана емес, жолаушы тасымалында да анық көрінеді. Шетелден бөлек ел ішінде де билетке сұраныс мол. Оның үстіне қазір Наурыз мейрамы жақындап қалды. Алайда мерекеге қарсы алдын ала қамданып билет алып қойғандықтан мереке кезінде пойызға міну қиын. Осы себепті наурыз мейрамына орай 35 мың қосымша орын жасақталады. 20 бағытқа қосымша үш пойыз тағайындайды. Сондай-ақ сұранысы жоғары бағыттарда қатынайтын қолданыстағы пойыздар құрамына қосымша 230-ға жуық вагон тіркеледі.