ЕО орта дәлізді дамытуға мүдделі
Еуропалық Одақ Қазақстанмен көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, Орта дәлізге қаржылық және техникалық қолдау көрсетуді жалғастырады.
Брюссельде Берлин Еуразиялық клубының 47-отырысы өтіп, «Global Gateway – Жаһандық қақпа» бастамасы аясында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы инвестициялық әріптестіктің жаңа мүмкіндіктері талқыланды.
Жиынды Қазақстанның Бельгия мен Германиядағы елшіліктері ұйымдастырды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының маңызды күретамырына айналып келеді. Соңғы 7 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 5 еседен астам артқан. Сарапшылардың пікірінше, бұл – бағыт жылдамдығы, тиімділігі және геосаяси қауіпсіздігі жағынан бірқатар артықшылыққа ие. Қазір Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға тауар жеткізуге шамамен 17 күн кетеді. Алдағы уақытта бұл мерзімді 12 күнге дейін қысқарту көзделуде. Ол үшін елімізде автомобиль жолдары мен көлік желісі ғана жаңғыртылып қоймай, порт инфрақұрылымының да дамуына жағдай жасалып жатыр.
Дамир Қожахметов, ҚР Көлік вице-министрі:
- Ақтаудағы айлақтарды жетілдіруге инвестиция салынды. Қосымша айлақтарды кеңейтуге қатысты тағы бір өтінім түсті. Бұл инфрақұрылымды одан әрі дамытып, жүк тасымалының сапасы мен тұрақтылығын арттыруға жол ашады.
Генрих Керстгенс, Rhenus Group компаниясы басқармасының арнайы өкілі:
- Біз Ақтау портының мүмкіндіктерін бірлесіп зерттеп, контейнерлік тасымалды дамыту жолдарын талқыладық. Қазір жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуге қажетті техникалық жағдай жасалған. Дегенмен алда атқарылатын жұмыс аз емес.
«Жаһандық қақпа» бастамасы аясында Еуроодақ Орта дәлізді жетілдіруге мемлекеттік және жеке сектордан 12 миллиард еуроға дейін инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бірақ Брюссельдің қызығушылығы тек көлік инфрақұрылымымен шектелмейді. ЕуроОдақ энергетика, су ресурстарын басқару және цифрландыру саласында да әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі. Еуропалық тарап, әсіресе, жаңа технологиялар мен нейрожелілерді дамытуға ерекше назар аударып отыр.
Петерис Устубс, Еурокомиссияның Азия Және Тынық мұхиты өңірі бойынша халықаралық серіктестік директоры:
- Біз Қазақстанмен бірлесіп, шалғай елді мекендерді спутниктік интернетпен қамту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ ынтымақтастықтың әлеуеті әлдеқайда зор. Мемлекеттеріңіздің жасанды интеллект пен деректер орталықтарын жетілдіру жөніндегі жоспарлары мені ерекше қызықтырды. Бұл салаға еуропалық технологияларды тартып, инвестиция салуға мол мүмкіндік бар екеніне сенімдімін.