Елімізде машина жасау ісі 18 пайызға өсті
Елде машина жасау саласы кейінгі он жылда 8,5 есеге өсті. Бұл жайлы Қазақстан машина жасаушылар одағының баспасөз қызметі хабарлады.
Әсіресе автокөлік мен жабдық өндірісі өркен жайып келеді. Қазақстанда жасалған электр жабдықтарын да жаһан жұрты сатып алып жатыр.
Былтыр машина жасау ісіндегі өндірушілер 5,7 трлн теңгенің өнімін өндірді. Осылайша, саладағы өсім 18 пайызға жетті. Ал он жылда көрсеткіш 8,5 есеге өсті. Оған автомобиль мен жабдықтық және электронды техника өндірісінің өркен жаюы себеп. Өнімдер отандық нарықпен қатар алыс-жақын шетелдерге, анығын айтсақ, Орталық Азия елдеріне экспортталады.
Қарлығаш Бақтыкереева, ҚР ӨҚМ Электротехника және ауыр машина жасау басқармасының сарапшысы:
- Машина жасау – өңдеу өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі. 2025 жылы оның үлесі 18,6 пайыз болды. Жалпы өнеркәсіптің ішінде машина жасаудың үлесі 2025 жылдан қаңтар-желтоқсан айлары бойынша 9,3 пайыз деңгейінде сақталды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштермен бірдей.
2025 жылы машина жасау саласында жалпы инвестиция көлемі 656 млрд теңгені құрайтын 40 жаңа жоба жүзеге асты. Сондай бастамаларддың бірі – елде газ балондарын өндіретін кәсіпорын қайта жанданып, іске қосылды.Олар газдың шығуын анықтайтын, кіріктірілген датчигі бар бірегей функциямен жабдықталған. Бұл тұтынушылар үшін қауіпсіздік деңгейін арттырады. Кәсіпорын бір ауысымда шамамен 150 газ баллонын шығарады. Ал жылдық өндірістік қуаты 60 мың данаға дейін жетеді.
Павел Шуранов, кәсіпорынның аға инженер-конструкторы:
- Біз жарылысқа төзімді газды жапқыш арматурасын шығарып келе жатқанымызға 10 жыл болды. Оның негізгі ерекшелігі – газ кеңейген кезде баллон ісініп, жарылып кетпейді. Белгілі бір қысым деңгейіне жеткенде газ арнайы клапан арқылы сыртқа шығарылады. Яғни вентиль қарапайым клапанмен жабдықталған, оған шланг жалғанып, газ сыртқа бағытталады. Нәтижесінде баллон жарылмайды, газ атмосфераға тарайды. Бұл қоғамдық тамақтану орындарында, жеке үйлерде және пәтерлерде тұратын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сектордағы өндірушілерге билік те болысуға бейіл. Айталық, өндіріс шығындарының бір бөлігін мемлекет өтеп береді. Мәселен, технологиялық жабдық сатып алған кәсіпкерлерге 267 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Сол секілді Қазақстан аумағында теміржол арқылы тауарларды тасымалдау шығындарына да жеңілдік қарастырылған.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы