Жаңа Конституция жобасы өңірлерді өркендетеді

Қарағанды облысында елді мекендерді көгілдір отынмен қамту үшін 269 шақырым газ құбыры тартылды. 

Соның арқасында аймақтағы 16 мың 500 үйге газ желісі жеткізіліп қана қоймай, ауаға таралатын зиянды қалдық мөлшері де азайды. Өңірде экологияны жақсартуға бағытталған 50-ден астам жоба қолға алынған. Сондай-ақ өзге де салаларда оң өзгерістер бар. Білім беру мен медицинаға қолжетімділік жақсарып келеді. Бұл мәселелер Қарағандыда жергілікті билік, саяси партия мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және ғалымдардың қатысуымен өткен алқалы жиында талқыланды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасы өңірлерді дамытуда жергілікті басқару жүйесін нығайта түсетінін атап өтті.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа Конституция жобасы Қазақстанда жаңартылған қоғамдық-саяси модель қалыптастыратынын және өңірлердің даму мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті. Сондай-ақ еңбек, білім және өзге де даму құндылықтары бекітіліп, жұмыспен қамту, цифрландыру және қоршаған ортаны қорғау негіздері тайға басқандай жазылған. «Бұл индустриялды өңір үшін өте маңызды мәселелер», - деді аймақ басшысы.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Жаңа Конституция ең алдымен, адамның құқығы мен қадыр-қасиетін, еркіндігі мен мүмкіндігін басты орынға қояды. Азаматтың білім алып, бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастырылады.

Алқалы жиынға қатысушылар Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі сияқты жаңа институттардың маңызына, жастарға арналған жаңа мүмкіндіктерге, отбасы құндылығын сақтау және азаматтық қоғамды дамытуға қатысты мәселелерге де кеңінен тоқталды. «Көзі ашық, көкірегі ояу, креативті ұлт болып қалыптасудың бастауында ғылым мен білім тұр», - дейді сарапшылар.

Айжан Қиясова, Қарағанды облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі:

- Бұл жерде білім, инновацияның ары қарай дамуы біздің жаңағы әлеуметтік салаға, экономикалық салаға, реформаларға үлкен әсер етеді деген сенімдемін. Елімізге мықты сарапшылар керек, мықты маман өкілдері керек.

Аймақта ірі кәсіпорындардың қатысуымен 50-ден астам экологиялық іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар облыс аумағында 6 қоқыс полигонын салу жоспарланған. Өңірде жеке секторды газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасуда. Қазіргі уақытта өңірдегі 137 ауыл мектебі интернет желісіне қосылып, шалғай елді мекендердегі 92 медициналық нысан жаңғыртылды. Жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге ықпал етеді. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит