Ақтөбеде алаяқ студентті алдамақ болды
Аңғал студенттің алаяқтардың арбауына түскенін аңдап, шұғыл көмекке келген ақтөбелік Ержан Қонақбаевқа полиция алғыс хат табыстады.
Интернет алаяқтар бозбаланы алдап, несие алдырмақ болған. Тек Ержанның қырағылығының арқасында ақшасы жанында қалды.
20 жастағы студент алаяқтардың арбауына түскен. Бастапқыда ұялы байланыс қызметінің операторымын деп хабарласып, СИМ-картаны ауыстыратын смс код жолдайды. Кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел уәкілі болып қоңырау шалып, банк карточкасынан әлдекімдер қаражат алуға тырысып жатқанын айтады. Алаяқтар ірі көлемде несие рәсімдеп, ақшаны қауіпсіз шотқа аудару қажет деп сендіреді. Қолынан телефонын тастамай банкоматты айналшықтап, абдырап жүрген бозбаланы Ержан Қонақбаев байқаған.
Ержан Қонақбаев, қала тұрғыны:
- Оңаша жерге шақырып жағдайын сұрадым. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қоймай телефон соғып жатқанын айтты. «Түрмеге қамаласың» деп қорқытқан. Анықтап сұрай бастап едім мәселенің мән жайын жеткізе алмады. Жан-жағына алақтап «соңымнан аңдап жүр», - дейді. Түсіндіре алмаған соң телефонын берді. Соңғы хабарламаларды оқып алаяқтармен сөйлесіп жүргенін байқадым.
Дүкен қызметкері дереу полиция шақырады. Жәбірленуші 10 күнге жуық алаяқтармен тілдесіп, 800 мың теңгесін аударып үлгерген екен. Енді тағы солардың дегенін істеп, несие рәсімдепті. Ержанның қырғылығының арқасында 9 млн 200 мың теңге мен бір уыс алтын әшекейлер алаяқтарға бұйырмады.
Жәнібек Шағыров, облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
- Жәбірленушілерден мектеп оқушылары, студенттер, үлкен кісілерге дейін бар. Ең өзектісі интернет алаяқтықтың түрі ол - әртүрлі мекемеден хабарласып код сұрайды. Мысалы, актив, биллайн, теле2 операторы болып хабарласуы мүмкін, сим картаның мерзімі бітейін деп жатыр дейді. Сол сим картаны ұзарту үшін код жібереміз дейді. Кодты айтқаннан кейін алаяқтар қайтадан хабарласады. Өздерін банк, полиция немесе ҰҚК қызметкері болып таныстырады.
Полицейлер Ержан Қонақбаевқа алғыс хат табыстады. Ал тұрғындарға сақ болуды ескертеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе банк қызметкерлері түрлі қосымшалар арқылы қоңырау шалмайды дейді. Дегенмен полицияның атын жамылып, елді алдап жүргендер жетеді. Жыл басынан бері 181 қылмыстық іс тіркелді. Былтыр облыс тұрғындары интернет -алаяқтарға 1 млрд 800 млн теңгесін беріп, сан соғып қалған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов