Атырау облысында 250-ге тарта жәдігер табылды

Атыраулық археологтар Алтын Орда дәуіріне тиесілі жаңа тарихи орындарды анықтады.

«Сарайшық» музей-қорығының мамандары 14-ші ғасырға тиесілі үйлер, цитадель және керуен-сарай бөліктерін ашқан. Сондай-ақ көне қаланың орнынан 250-ге тарта жәдігер тапты.

Көне Сарайшық қалашығы аумағындағы қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер сан ғасырлық тарихтан сыр шертеді. Металдан, шыныдан, сүйектен жасалған тұрмыстық және сәндік бұйымдар, қыш ыдыстар мен тиындарды қосқанда барлығы 250-ге жуық жәдігер табылды. Олардың ішіндегі ең ерекшесі – қоладан жасалған мына құлып. 14-15 ғасырларға тиесілі артефакт бұған дейін Алтын ордалық қалаларда кездеспеген.

Айбек Тұрарұлы, «Сарайшық» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының археологы:

- Екі бөліктен тұрады. Мұның ерекшелігі геометриялық пішін мен бетінде қоянға ұқсас жануардың, шөптің арасында тұрған жануардың суреті салынған. Бұл енді сол кездегі «токарлық станоксіз» сызып, осы металлға салынған. Сол кездегі шеберліктерді көрсетеді.

Қазір «Сарайшық» қалашығының аумағы абаттандырылып жаңғыртылды. Ортағасырлық қақпа, өндіріс орны, тұрғын-жай, хан моласы қалпына келтірілді. Ескерткіштердің көрінісін мүмкіндігінше сол қалпында жеткізу үшін археологтар мен тарихшылардың ғылыми ұсыныстары ескерілген.

Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:

- Хан моласының ішінде 2021 жылы анықталған екі сағана бүгінде белгілі дәрежеде қайта қалпына келтіріліп, 14-15 ғасырдың нақты ескерткіші ретінде туристерге ұсынылады. Бұл жұмыстардың барлығы біздің мемлекетіміздің тарихының тереңде екендігінің, өзіндік мәдениеті болғандығының айқын белгісі.

Болашақта Сарайшықта Қасым ханға арналған ескерткіш салу жоспарланған. Тарихи орынға келетін туристер саны жыл сайын көбейіп келеді. Екі жыл бұрын 18 мың адам келсе, былтыр 28 мыңға жеткен.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин