Тоғыз мыңға жуық отандасымыз аман-есен елге оралды
Ел азаматтары әлемнің қай қиырында жүрсе де, оларға Қазақстан Республикасы қамқор болып, көмек қолын созуға дайын.
Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыс ортасында қалған туристеріміз, қажылық сапарға аттанғандар және кәсіпкерлер көз жеткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде, қандай жағдай болса да, Қазақстан өз азаматтарын ешқашан тағдыр тәлкегіне қалдырмайтынын баса айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды жедел эвакуациялау жұмысы тапсырылғанын жеткізді. Күрделі жұмыстың нәтижесінде 9 мыңға жуық азаматымыз оқ пен оттың ортасынан аман-есен елге оралды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр, деді Президент. Сонымен қатар Таяу Шығыс елдерінің басшыларына «кедергісіз дәліз» ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдіріп, эвакуациялауға жәрдемдескен барша жанға, мемлекеттік органдарға және әуе компанияларының қызметкерлеріне алғыс айтты.
ЦИТАТА
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
“Азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырмаймыз”. Бұл жай ғана ұран немесе популизм емес, мемлекеттік саясатымыздың бұлжымас қағидаты. Сондықтан осы ұстанымның жаңа Конституция жобасында көрініс табуы заңдылық. Ата заңымызда “Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi” деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Барша отандасымызға белгілі ақиқат бар: көк паспорт иелері әрқашан және кез келген жерде мемлекет қорғауында болады. Паспортымыздың қуаты мемлекетіміздің ықпалынан, халқымыздың жасампаз рухынан, заманның озық идеяларын игере алатын қабілетімізден көрінеді.