Жалпыұлттық коалиция өкілдері «Барыс Арена» спорт кешенінің ұжымымен кездесті
Елордада жаңа Конституция жобасын халыққа түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Бүгін Жалпыұлттық коалициясының өкілдері «Барыс Арена» спорт кешенінің ұжымымен кездесті. Мұз айдынында өткен басқосуда Ата заңдағы өзгерістердің спорт саласына, соның ішінде жаттықтырушылар мен спортшылардың әлеуметтік жағдайына тигізер әсері талқыланды.
«Барыс Арена» спорт кешені бүгін саяси талқылаулар алаңына айналды. Заңгерлер мен депутаттар жаңа Конституция жобасының әрбір тармағын, әсіресе жаттықтырушылар мен спорт майталмандарының әлеуметтік кепілдіктерін жіліктеп шағып берді.
Жамаладен Ибрагимов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық жəне азаматтық құқық кафедрасының профессоры:
- Коалицияның Астана қалалық штабы мыңнан аса үлкен кездесулер өткізді. Кездесудің басты мақсаты Конституциялық жобаларының негізгі нормаларын түсіндіру, әрбір саланың адамдарына,әрбір саланың мамандарына қатысты қандай құқықтық нормалар болады. Болашақта бұл конституцияның нормалары қатынастарды реттейді деген мәселелердің барлығын анық-қанығын айтып береміз.
Кездесу барысында спорттың тек ұлт саулығы емес, экономика мен туризмге серпін беретін стратегиялық сала екені айтылды. Коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасы спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға және жас дарындарды қолдауға заңдық тұрғыдан жол ашатынын жеткізді.
Жігер Әзбергенов, «Барыс» ХК маркетинг департаментінің директоры:
- Бүгінгі күн тәртібінде осы жаңа Конституция. Алдағы референдум туралы әңгіме қозғалуда. Неліктен осындай қадамға еліміз барып отыр. Спикерлердің тарапынан егжей-тегжейлі түсіндірмелер берілді. Біздің ұжым толықтай осы бүгінгі жиынға бір кісідей атсалысты.
Жиын соңында штаб мүшелері алдағы саяси науқанның маңыздылығына тоқталды. Олар «Барыс Арена» көп функционалды мұз сарайының қызметкерлерін референдумға қатысуға шақырды.
Наргиз Бекмағанбетова, Санжар Біргебаев, Саят Башимов