Астанада жүгіруден марафон өтті
Елордада алдағы референдумды қолдау аясында жүгіруден бұқаралық марафон өтті.
Оған 1 мың 500-ден астам спорт саласының өкілі қатысып, белсенділік танытты.
Бүгін астаналық спортшылар күн райының қолайсыздығына қарамастан жаппай жүгіру марафонына қатысты. Олардың арасында әлем чемпиондары мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшылар бар.
Ернар Омаров, жаттықтырушы:
- Марафонға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Үлкен ұлым мен қызым да осында. Бәріміз бірге жүгіреміз. Алда ел болашағын айқындайтын маңызды күн келе жатыр. Балаларым үшін сол саяси науқаннан сырт қалмай, өз таңдауымды жасаймын.
Марафон ботаникалық саябақта өтті. Спортшылар 2 жарым және 5 шақырым қашықтықты бағындырып, салауатты өмір салтын насихаттады. Десе де, іс-шараның басты мақсаты - азаматтық белсенділікті дамытып, қатысушылардың саяси сауатын арттыру дейді ұйымдастырушылар.
Азамат Ағзамов, Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Іс-шара 15 наурызда болатын референдумды қолдау мақсатында және, бүгінгі бұқаралық жүгіріске 1 жарым мыңнан астам спортшы, Астана қаласының жастары, жаттықтырушылары қатысып жатыр.
Референдум – азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды құрал. Халықтың белсене қатысуы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, қоғамдағы өзара сенім мен бірлікті нығайтады. Еске сала кетейік, 15 наурызда елде республикалық референдум өтеді. Бұл күні азаматтар Жаңа Конституция жобасына қатысты өз таңдауын жасайды.
Мерей Қанапия, Қанат Махмұдов