Мал шаруашылығына жеңілдетілген несие беріледі

Былтыр шаруаларға жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне бұрын-соңды дәл осындай орасан зор қолдау көрсетілмеген. 

Алайда өндіріс көлемін ұлғайтумен шектелуге болмайды. Біз заман талабына сай келетін, озық технологияға негізделген аграрлық-индустриялық экономика құруымыз керек. Президент кеше осыны айтты. 

Мәселен Қызылорда облысында мал шаруашылығын дамыту үшін жеңіл пайызбен несие берілмек. Бұл бастама 5 жылдық арнайы бағдарлама аясында жүзеге асады. Мақсат – өңірде мал басын көбейтіп, ет пен сүт өндірісін арттыру. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қолдау ауылдағы кәсіпті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлкен сеп. 

Қыркеңсе ауылының тұрғыны Батырхан Нұрлыбаевтың қожалығындағы төрт түліктің басы 3 мыңнан асқан. Бұл кәсіпті ол 10 жыл бұрын бастапты. Жеңіл пайызды несиенің игілігін көрген шаруа ет өндірісін жолға қойып отыр. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, уақ мал бордақылау цехын ашуды жоспарлауда.

Батырхан Нұрлыбаев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Енді келешекке бордақы, уақ мал бордақылау цехын ашсақ па деп отырмыз. Оны мемлекет қолдап берсе, соны ашып, ары қарай дамытсақ па деп отырмыз.

Соңғы жылдары ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі де артқан. «Асыл тұқымды мал сатып алуға, сүт өндіруге және бордақылау алаңдарын ашуға мемлекеттен субсидия беріледі», - дейді мамандар.

Бақтияр Ахметов, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:

- Ауданымызда жалпы көлемде ауыл шаруашылығы саласында 37 миллиардтың үстінде өнім өндірілген болса, соның 13 миллиарды мал шаруашылығына тиесілі. Өткен жылы 250-дің үстіндегі шаруашылық 750 миллионнан жоғары субсидияланса, биылғы жылдың өзінде 690 миллиондай субсидияланып қойды.

Мамандардың айтуынша, өңірде ет өндірісі соңғы жылдары 3,4 пайызға, сүт өндірісі – 4,4 пайызға артқан. 

Дәулетбек Абрасулов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Биылдың өзінде мал шаруашылығына, оның ішінде өндірілген өнімге және асыл тұқымды мал сатып алуға, бордақылау алаңдарына төрт миллиардқа жуық қаржы бөлініп отыр. 

Облыста мал шаруашылығын дамытудың бес жылдық жоспары әзірленді. Бағдарлама аясында өңірдегі түлік басын көбейтіп, ет пен сүт өндірісін арттыру көзделіп отыр. Жоспар бойынша шаруаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар қолдау тетігі қарастырылған. Соның ішінде мал өсірумен айналысатын кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру мәселесі де қамтылған. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев