Алматыда Қазақстан онкологтары мен радиологтарының Х халықаралық конгресі ашылды
Үш күн бойы отандық және шетелдік мамандар қатерлі ісіктерді ерте анықтау мен емдеудің заманауи технологияларын, ядролық медицинаның дамуын және онкологиялық көмекті жақсартуға бағытталған жаңа тәсілдерді талқылайды.
Конгреске халықаралық ұйымдардың және әлемнің медициналық орталықтарының өкілдері жиылған.
Жаман ауруды жеңу сапалы препараттар мен заманауи технологияға тікелей байланысты. «Әсіресе ядролық медицинаның мүмкіндігі орасан», - дейді мамандар. Форумда сарапшылар ядролық медицина мен радионуклидтік диагностиканы дамыту, ісіктерді анықтауда молекулалық және генетикалық зерттеулерді қолдану тақырыптарына назар аударды.
Франческо Джаммариле, МАГАТЭ Ядролық медицина департаментінің техникалық кеңесшісі:
- Қазақстанда ПЭТ-КТ қондырғылары бар. Бұл – осы саладағы ең озық медициналық жабдықтардың бірі. Сонымен қатар Қазақстанда сәулелік терапия әдістерімен емдеуге арналған өзінің радиофармацевтикалық препараттарын өндіру жолға қойылған, бұл да өте маңызды. Яғни бұл науқастарды диагностикалау, емдеу және оңалту процесін өз күшімен ұйымдастыра алатынын білдіреді. Қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
Қатерлі ісікпен күресте МАГАТЭ өкілдерін кеңінен тарту жоспарланып отыр. Олар ядролық медицина саласы бойынша медицина қызметкерлерін оқытып, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға көмектеседі.
Ғұмар Серғазин, ҚР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары:
- Халықаралық ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Қазіргі уақытта ядролық медицинаны енгізу мақсатында МАГАТЭ-мен бірлесіп арнайы жол картасы әзірленуде. Бұл бағытта халықаралық тәжірибені қолдануға, ғылыми технологияларды енгізуге, сондай-ақ медициналық физиктер мен радиохимиктердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Екі жылда бір ұйымдастырылатын конгресс – онкология, радиология және ядролық медицина саласындағы ең ірі кәсіби алаңдардың бірі. Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, онкологиялық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон