Қаскелеңдік оқушы олимпиадада топ жарды
Алматыда KGL Contest 2026 халықаралық олимпиадасының жеңімпазы марапатталды. 7-ші сынып оқушысы Ерасыл Жиенғали ағылшын тілінен өткен жарыста бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды 24KZ.
Қаскелең қаласында оқитын ол Грекияның Салоники қаласындағы білім бәсекесінде топ жарды. Оған әлемнің 39 елінен балалар қатысты. Жеңімпазды марапаттау рәсімі мектеп және жоғары оқу орны мұғалімдеріне арналған Teacher's Summit-2026 халықаралық іс-шарасы аясында өтті.
Ерасыл Жиенғали, KGL Contest 2026 халықаралық олимпиадасының жеңімпазы:
– Биыл KGL тестінің ағылшын пәнінен бірінші орынға ие болдым. Мен 8 жасымнан бастап ағылшынға қызыға бастадым. Осы олимпиадаға жаз бойы дайындалып, осындай керемет жетістікке жеттім.
Teacher's Summit-2026 іс-шарасында ел өңірлерінен 300-ге жуық ұстаз қатысты. АҚШ, Англия, Кипр және Грекиядан келген сарапшылар шеберлік сабақтарын өткізді. Олар ағылшын тілін бірнеше деңгейге бөліп, жаңа технологиялар арқылы оқытуды пысықтады. Білім беруде жасанды интеллектіні қолдануды талқылады. Ұстаздардың көшбасшылық қабілетін арттыру жайы сөз болды.
Манат Еркінқызы, «EDU Stream» халықаралық білім беру компаниясы әдістемелік бөлімінің басшысы:
– Біріншіден, тәжірибе алмасу, әдістемелік көмек. Яғни бір ғана бұрынғы университет бітірген біліммен ғана сабақ өткізбей, осындай коммуникация арқылы, бір-бірімен кездесу арқылы, ой бөлісу арқылы өзінің деңгейін көтереді. Яғни мұғалім – әрқашан ізденісте, әрқашан білімін жоғарылатып жүретін маман.