Референдум учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған

Референдум күні Петропавл қаласында 97 учаске жұмыс істейді. Олар сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін дауыс берушілерді қабылдайтын болады.

Облыс тұрғындары, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың да емін-еркін келіп қалауын білдіруіне жағдай жасалған. Осы ретте референдум комиссиясы байқаушылармен бірге учаскелердің дайындығын пысықтап, мониторинг жүргізді. 

Қазақ зағиптар қоғамының мүшесі Александр Бочаров референдум комиссиясының құрамына кірген. Қазір комиссия мүшелерімен бірге дауыс беру учаскелерінің дайындығын тексеріп жүр. Атап айтқанда, пандус, көтергіш, жол нұсқаушы жолақтардың бар-жоғын анықтайды.

Александр Бочаров, «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ СҚОФ мүшесі:

- Бұл қағазда референдумның маңыздылығы туралы жазылған. Мен даладағы тақтаны да Брайль әліпбиінің көмегімен оқып көрдім. Арнайы жолақпен де жүрдім. Барлығы дұрыс. Еш олқылық жоқ. Әзірге 4 референдум учаскесінде болдық. Әлі тағы да басқа жерлерге барамыз.

Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде №646 референдум учаскесі ашылған. Мұнда 2 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасамақ. Олар - Бірлік, Солнечный шағын аудандары және Борки кентінің тұрғындары. Қазір байқаушылар облыс орталығындағы референдум учаскелерінің жабдықталуына мониторинг жүргізіп жатыр.

Сәлімхан Сәбитов, Қалалық мәслихат депутаты:

- Референдумға аз ғана күн қалды. Сол себепті біз сайлау учаскелеріне мониторинг жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде де, басқа референдум учаскелерінде де мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық қажетті жағдай жасалған.

Референдум учаскесіне келіп, қалауын білдіретін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы өту жолдары қарастырылған. Бұл жердегі дауыс беру учаскесінде 13 кембағал жан тіркелген. Олардың 9-ы үйден дауыс беруге өтініш беріпті. Жалпы референдум күні Петропавл қаласында 97 учаске жұмыс істейді.

Авторы: Бақыт Топтаева