Жаңа Ата заң жобасы: адамның қадір-қасиеті

Жаңа Конституция жобасында адамның сөз еркіндігіне кепілдік беріледі.

Алайда сөз бен ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмей, қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс. Бұл туралы құжат жобасының 23-бабында тайға таңба басқандай жазылған. 

Иә, әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар. Бірақ ар-ождан бостандығы құқығын пайдалану жалпы адамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы міндеттерді шектемеуі тиіс. Бұл жайлы 25-бапта жазылған.

Жаңа Конституциялық өзгерістер аясында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау басты құндылық ретінде бекітілген. Бұл ережелер адамның құқықтарын, бостандықтарын және жеке тұлғаның қадір-қасиетін мемлекеттің басты мақсаты ретінде ерекше атап өтеді. Жаңа конституциялық түзетулердегі ар-намысқа қатысты негізгі бағыттар мынадай: Адам құқықтарының жоғарылығы: Конституцияда әркімнің өз ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмауына кепілдік беріледі. Қорғау тетіктері: Ар-намысқа нұқсан келтіретін әрекеттерге тыйым салу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту ережелері күшейтілді. Тұлғаның жеке өмірі: Адамның жеке өміріне қол сұқпау, ар-намысын қорлауға жол бермеу мәселесі құқықтық тұрғыдан жетілдірілді.

Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бүгінде адамдардың құқығын қорғауға басымдық беріліп жатыр. Ар-намысы мен бостандығын қорғау үшін заңгерлік көмек алу құқығы әр азаматта болуы керек. Кез келген адамды жауапкершілікке тарту кезінде оның кінәсіздік қағидаты сақталуы қажет. Өзі қалаған жеке қорғаушының жәрдемін немесе мемлекет тарапынан берілетін тегін адвокат қызметін алуға толық құқылы.

«Адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездiк көрсетіп немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлап жәбiрлеуге не жазалауға болмайды». Бұл жаңа Конституция жобасының 20-бабында жазылған.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Жаңа Конституция жобасын бірнеше мәрте оқыдым. Ондағы әр сөз, үтір-нүктесіне дейін аса маңызды. Бұл жай құжат емес. Басты назар адами капиталға мән берілген. Әділдік, заң мен тәртіп өміріміздің ажырамас қағидатына айналып жатқаны рас. Болашағымыз жарқын деп толық айта аламын.

Ал 36-бапта «Әр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi» делінген.

Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Жаңа Ата заң жобасына адами құндылық бірінші орынға қойылған. Адамның ар-намысын қорғау құқығы цифрлық кеңістікте де өте өзекті. Кезінде АҚШ Конституциясына енген Миранда ережесінде де, күдікті азаматтың үнсіздік сақтауға және өзіне қарсы куәлік етпеуге толық қақы бар екені көрсетілген. Сондықтан Қазақстанда да адам құқығын қорғау жаңа жоғары деңгейге шығады.