Жамбыл облысында кибералаяқтық көбейіп барады
Жамбыл облысында жыл басынан бері 152 адам интернет-алаяқтардың құрбаны болған. Тұрғындар көбіне онлайн сауда кезінде алданып қалып жатыр.
Бұл туралы құқық қорғау органдары мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, кибералаяқтар соңғы уақытта түрлі айла-тәсілдерді қолданып жүр. Олар жалған сілтемелер таратып, адамдарды сол арқылы жеке деректерін енгізуге итермелейді. Сонымен қатар жасанды интеллект арқылы жасалған бейнематериалдар мен дауыстарды пайдаланып, азаматтарды сендіруге тырысады. Осы тәсілдер арқылы алаяқтар тұрғындардың шамамен 200 миллион теңгеге жуық қаражатын иемденген.
22 жастағы Алина екі ай бұрын алаяқтардың арбауына түскен. Әлеуметтік желіде «арзан тұрмыстық техника сатамыз» деген хабарламаны көзі шалыпты. Содан байланысып, ұялы телефонға қызығушылық танытқан. Ал ондағылар тауарды нарық бағасынан едәуір төмен бағада алуға болатынын айтып сендірген. Ұтымты ұсынысқа қызыққан Алина тауардың жарты ақшасын белгісіз шотқа аударып жіберген. Бір апта бойы тауар келмегенде ғана алданғаннын аңғарыпты.
Алина, қала тұрғыны:
- Кедендегі тәркіленген тауарларды бізге төмен бағада береміз дегеннен кейін, ол жерде телефон ғана емес, тоңазытқыш, телевизор, үйге керекті заттардың бәрі бар. Бізде интернет алаяқтық десе, звандап шотыңды сұрайды деген ой қалыптасқан ғой. Ал бұл жерде ол кісілер өздерінің тауарын ұсынып біз интернет дүкеннен сатып алғандай болдық. Алданып қалу өте оңай.
Осылайша интернет арқылы тауар сатып аламын деп алданған тұрғындар саны 60-қа жеткен. Мамандардың айтуынша, кибералаяқтар әлеуметтік желі мен телефон арқылы байланысқа шығып, түрлі айла-тәсілмен тұрғындардың ақшасын иемденіп отыр.
Мерей Бает, тілші:
- Қылмыскерлер әдетте осылай пошта немесе банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде хабарласады. Өзін құқық қорғау органдарының яки халыққа қызмет көрсету орталығының маманы ретінде таныстындар да бар. Сөйтіп SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды. Мұндай жағдайда әңгімені бірден тоқтатқан жөн. Жалпы жыл басынан бері Жамбыл облысында осы телефон арқылы жеке деректерін айтқан тұрғындар 200 миллионға жуық теңгесінен айырылған.
18 жастағы тараздық тұрғындар, адамдардың жеке дерегін пайдаланып, нөмірлерді заңсыз рәсімдеген. Кейін құпия кодтарды Telegram арқылы алаяқтарға жіберіп отырған. Сөйтіп әр нөмір үшін ақша алған. Қазір кінәлілер ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Мұхаммед Қошмағанбетов, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Банк қауіпсіздік қызметкері мен инвестицияның қылмыстарын ашу сәл қиын болады. Себебі оның ұйымдастырушыларының көбі шет мемлекеттерде отырады. Статистикалық мәліметке сай көбінесе алданатын ол – 35-60 жас аралығындағы үйде отыратын жұмыссыз әйел кісілер. Әлеуметтік желілерде сондай жарнамаларды көріп, соған сеніп қалады. Мысалы, жасанды интелект арқылы жасалған видеоларды көріп, Мұқтар Жакишев «КазАтомПромға» ақша құйсын деген жалған ақпараттарға сеніп, қаражаттарын құйып, алданып қалады.
Қылмыстың алдын алу үшін аймақта интернет алаяқтыққа қарсы мекемеаралық киберпол басқармасы жұмыс істеп жатыр. Мекеме алаяқтық шоттарды анықтап, бұғаттап, шығындарды қайтарумен айналысады. Нәтиже де жоқ емес. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері тіркелген 152 қылмыстың 66 пайызын ашқан.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан