Достық үйінде Көрісу күні атап өтілді

Бүгін Елордадағы Достық үйінде халқымыздың ежелден келе жатқан мерекесі Көрісу күні атап өтілді. Амал мерекесі деп те аталатын бұл мереке Наурыздың бастауы.

Бүгінде бұл атаулы күн еліміздегі барлық этносқа ортақ мерекеге айналған. Мерекеде этомәдени бірлестіктер мен ақсақалдар және аналар кеңесі өкілдері және жастар бас қосты. Мұнда халқымыздың салт-дәстүрі жайында қойылымдар қойылып, жиналғандар бір-бірін табиғаттың жаңару мерекесімен құттықтады.

Сәбина Аманбекова, қалалық Достық үйінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

- Бұл іс-шараға тек қана қазақ ұлтының өкілдері емес, барша ұлт өкілдерінің қатысы бар екенін көрсетіп жатырмыз. Сонымен қатар барлығымыз осы Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан бұл іс-шараға кішкентай баладан бастап, үлкен ақсақалдарға дейін қатысып, бата беріп, салт-дәстүр көрсетіп, өнерін көрсетіп, тойлаймыз.

Мерекеде әсіресе ұрпақтар сабақтастығына баса мән берілді. Жастар аға буынға құрмет көрсетсе, ақсақалдар өскелең ұрпаққа батасын берді.

Тимур Умаров, қалалық өзбек этномәдени орталығының көркемдік жетекшісі:

- Ежелден келе жатқан түркі мемлекеттерінің басты мерекесі десем де артық болмас. Наурыз меркесіне арнайы осындай керемет шара өтіп жатыр. Еліміздің осындай кереметтігі – біз көпұлтты мемлекет болған соң бір-бірімізді біріктіретін салт-дәстүр, осындай керемет іс-шаралар, мәдени іс-шаралар. Жалпы қаншама ұлт болса да жүрегі қазақ деп, қазақ елім деп соғады деген ойдамын.

Мерекелік іс-шара халқымыздың өзара сыйластық, бірлік пен тату көршілік дәстүрі әрбір қазақстандықтың өмірінде маңызды орын алатытын көрсетіп берді.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Медет Қуанышбеков