Биыл Қарағанды облысында 510 адамға кәсіп ашуға грант беріледі

Биыл Қарағанды облысында 510 адамға өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз грант беріледі. Өңірде жеке ісін бастағысы келетін адамдарға қолдау көрсету жалғасып жатыр. 

Әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ жаңадан қоныс аударған жандарға бизнес ашу қолжетімді бола түспек. Мысалы, Теміртауда осындай гранттардың арқасында тұрғындар шағын кәсібін ашқан.

Теміртау қаласының тұрғыны, Галина Кривец ерекше баланың анасы. Ол мемлекеттік гранттың көмегімен өзінің бизнес идеясын жүзеге асырды. Бизнес үшін берілген бір жарым миллион теңге қаржыға апсайклинг бағытындағы шеберхана ашқан. Мұнда ескі заттарды өңдеп, жаңа бұйымдар жасау үшін киім тігу, тоқыма тоқу және қайта өңделген материалдардан түрлі аксессуарлар жасау сынды қажетті тұрмысқа қажетті істерді үйретеді. 

Галина Кривец, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Егер мен үнемді тұтыну мәдениетін адамдарға үйрете алсам, олар оны өз отбасында пайдаланады. Балаларын да соған баулиды. Осылайша, кәсібімнің қоғамға пайдасы тиеді. Қазір табысым жақсы. Бізге мұндай мемлекеттік қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз! 

Өткен жылы Теміртауда өз ісін ашуға және дамытуға қолдау ретінде 17 адамға грант берілді. Қаржылай қолдау алмас бұрын болашақ кәсіпкерлер «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқу курсынан өтіп, сертификат алады. Грант қаражатын кәсіп бастауға қажетті жабдықтар мен құралдарды сатып алу үшін жұмсауға болады.

Ықылас Қазыбеков, Теміртау қаласы Мансап орталығы басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл шаралар азаматтарға жұмыссыздан кәсіпкер мәртебесіне өтуге шынымен де көмектеседі. Тұрақты әрі орнықты табыс табуға мүмкіндік беріп, ертеңгі күнге деген сенімді арттырады. Мемлекет қажетті жағдай жасап, мүмкіндіктер ұсынады, ал әрі қарайғы табыс адамның өз ісін дамытуға деген бастамашылдығына, жауапкершілігіне және ұмтылысына байланысты. Берілген грант қаражатын мақсатты жұмсауды бақылауда ұстаймыз.

Биыл Қарағанды облысында 510 бастауыш кәсіпкер мемлекеттік грант алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бизнес бастауға үлестірілетін қаражаттың басым дені әлеуметтік осал топқа жататын жандарға беріледі. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит