Елде су шығыны 47%-дан 35%-ға кемиді

Биыл су шаруашылығында 220-дан аса жоба жүзеге асады.

Бұл жобалар қатарында қолданыстағы гидротехникалық нысандарды жаңғыртумен қатар, жаңа құрылыстарды жүргізу көзделген. Мұндағы негізгі мақсат қар суын да кәдеге жаратып, тіршілік нәрін тиімді пайдалану болып отыр. Яғни су қоймаларын көптеп салып, каналдарды жаңғырту қажет. Былтыр елде Су кодексі қабылданды. Жаңа құжаттың арқасында түбегейлі реформа басталды. Жалпы саны 147 инфрақұрылымдық жоба қолға алынды. Оның 53-і мәреге жетті. Атап айтқанда, 677 шақырымдық ирригация жүйесі мен 4 су қоймасы жаңғыртылды. 15 топтық су құбыры жөндеуден өтті. 

Су инфрақұрылымын дамыту

2025 жылы – 147 жоба

677 км ирригация жүйесі

4 су қоймасы

15 топтық су құбыры  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы мемлекет еліміздегі бүкіл су инфрақұрылымы жүйесін дамыту үшін нақты шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Көксарай су қоймасында жаңғырту жұмыстары басталды, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл облыстарында су қоймалары салынып жатыр.

Ауыл шаруашылығына орасан зор пайда әкелетін осы жобалар келесі жылы аяқталып, ел кәдесіне жарай бастамақ. Былтыр Түркістан, Батыс Қазақстан, Абай, Жетісу және Қостанай облыстарындағы су қоймалары күрделі жөндеуден өтті. Қазір Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы екі су қоймасын реконструкциялау бойынша бес жоба әзір. Тағы 13 су қоймасын жаңғырту жобасы негізінде жұмыс жүріп жатыр. Ал жаңадан салынатын нысандарға келсек, Жамбыл, Ақмола, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында тұрғызылатын бес су қоймасының жобасы дайын.

Әсел Молдағалиева, ҚР СРИМ Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаменті басқармасының бас сарапшысы:

- Қазіргі таңда Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 69,1 млн метр кубты құрайтын екі су қоймасы салынуда. Ол Қарақуыс және Бәйдібек ата. Сонымен қатар одан басқа Абай облысында Қаракөл және Қараоба, Батыс Қазақстанда Кішіөзен, сонымен қатар Қарағанды облысында Садовое және Жетісу облысында Покатиловск су қоймалары бойынша жобалар әзірлену үстінде.  

Жаңа нысандардың арқасында тасқын су көбірек кәдеге жарайды. Яғни 2 млрд 600 млн текше метр су жинап алуға болады. Ал суармалы алқап 295 мың гектарға ұлғаяды. Және бастысы трансшекаралық өзендерге тәуелділік 15 пайызға төмендеп, каналдағы су шығыны 47 пайыздан 35 пайызға дейін кемиді.

2,6 млрд м³ су

295 мың га алқап

Тәуелділік – 15% ↓

Су шығыны – 47% → 35%

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Санжар Біргебаев және Айдос Амангелдиев