Ақтөбе облысында еліміз бойынша ең алғаш болып референдум учаскесі ашылды. Live
Мұғалжар ауданындағы Жаға-бұлақ пен Саға ауылындағы нөмірі 330 және 332-ші дауыс беру учаскелері таңнан бері жұмыс істеп тұр.
Себебі елді мекен іргесіндегі вахта қалашығында тұрып жатқан мұнайшылар да Конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс беруі тиіс.
Мұнайшылар күделікті кестеге сай өндіріс орнына бет алмас бұрын референдум учаскесіне келіп жатыр. Қызметтік автобустармен жеткен жұмысшылар лек-легімен тоқтап, жұмысшылар өз таңдауын жасауда. Дәл қазір Жаңажол деп танылған кен орнында 3 мыңға жуық адам вахтада жүр. Сондықтан олар екі учаскеге тіркелді.
Жалпы Мұғалжар ауданына қарасты Батпақкөл ауылдық округінде мұнай мен газ өндіретін ірі үш компания бар. Вахталық әдіспен еңбек ететін жұмысшылар саны бес мыңнан асады. Саяси науқан кезінде өндіріс орнында жүрген мамандар жақын маңдағы учаскеге алдын ала тіркелді.
Міне, кезекті дауыс берушілер кіріп жатыр. Бұл азаматтар түнгі ауысымнан келген жұмысшылар. Жалпы Ақтөбе облысында белгіленген уақыттан бір сағат бұрын ашылған 3 референдум учаскесі бар. Екеуі вахта қалашығы маңында болса, тағы біреуі әскери бөлім аумағында. Мұнайшыларға арналған учаскелер 20:00-ге дейін жұмыс істейді.