Ақтауда 261 референдум учаскесі жұмыс істейді

Маңғыстау өңірінде 261 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр.

Таңсәріден бері көпшілік тұрғылықты мекенжайы бойынша көрсетілген учаскеге барып, өз таңдауын жасауда. Облыстағы референдум учаскелерінің ең көбі Ақтауда орналасқан. Жұмысқа барардың алдында ертелетіп учаскеге келіп, дауыс берген азаматтарға естелік сыйлықтар берілді.

Таңғы мезгілде референдум учаскелеріне келген көпшіліктің қарасы аз емес. Азаматтардың кейбірі күнделікті жұмыс уақытына дейін дауыс беруге келген. Мөлдір Өрбісінова Ақтауды тұщы су, жылумен жабдықтап отырған энергетикалық комбинатта жұмыс істейді. Оның айтуынша, референдум - ел өміріндегі аса маңызды шара.

Мөлдір Өрбісінова, қала тұрғыны:

- Бұл әрбір Қазақстан азаматының парызы деп есептеймін. Сондықтан таңертең ерте келіп, өзіміздің даусымызды беріп, үлесімізді қосып жатырмыз. Жақсы болады деген үміттеміз, халық жақсылық күтеді ғой. Қазақстанымыз алға.

Маңғыстау облысындағы 261 референдум учаскесі бір уақытта өз жұмысын бастады. Оның ішінде 12-і жабық учаске. Шалғай аймақта референдумға қатысу құқығы бар 444 мыңнан астам адам тұрады. Облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай таңғы сағат 07:00-де келіп, дауыс берген азаматтардың арасында болды.

Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:

- Референдум болғаннан кейін әр азамат өзінің азаматтық позициясын танытуы керек. Ол түсінікті жағдай. Әр адамның дауысы бұл жерде маңызды. Жалпы алам ретінде, осы қазақстандық ретінде өз таңдауымды жасадым, сайлау учаскесіне келіп, болашығымыз үшін дауыс бердім.

Ақтауда 94 референдум учаскесі бар. Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында 42, Бейнеуде 30, қалған учаскелер тағы үш ауданда орналасқан. Барлығы кешкі сағат 7-ге дейін жұмыс істейді. Дауыс беру процесіне қажетті жағдай жасалған. Референдум комиссияларының жұмысын әрі шараның заңға сәйкес әділ өту тәртібін бақылаушылар қадағалап отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев