Павлодарда 521 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Live
Павлодар облысы тұрғындары да референдумда белсенді дауыс беріп жатыр. Павлодар облысында 521 референдум учаскесі таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады.
Өңірде 490 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие. Біз қазір тікелей эфирге Павлодар қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан №56 дауыс беру учаскесінен шығып тұрмыз. Бұл учаскеде барлығы 2 069 адам тіркелген. Оның ішінде 18 жасқа толған 22 жас алғаш рет осынау маңызды саяси науқанға қатысып отыр. Қазір референдум учаскесі төрағасының орынбасары Ешімқұлов Жақсыбекті әңгімеге тартпақпын. Жақсыбек Махаматқұлұлы, дауыс берушілердің белсенділігі туралы айтып өтсеңіз. Қазіргі уақытқа дейін қанша адам дауыс беріп үлгерді?
Жақсыбек Ешімқұлов, №56 референдум учаскесі төрағасының орынбасары:
- Біздің референдум учаскеміз қаланың орталығында орналасқан. Мұнда негізінен зейнет жасындағы адамдар тұрады. Белгілі болғандай, қарт адамдар әдетте ерте тұрады. Қазіргі уақытта тіркелген 2 069 адамның жартысынан көбі келіп, дауыс беріп үлгерді.Сонымен қатар біз сайлау учаскесіне бірінші болып келген және алғаш рет дауыс берген азаматтарға алдын ала дайындалған сыйлықтарымызды табыстадық
Менің байқауымша, мұнда мерекелік атмосфера қалыптасқан. Қызметкерлер толық ұлттық киім киіп отыр. Бұл әрине, Наурыз мерекесінің он күндігінің өтуімен байланысты. Сонымен қатар барлық дауыс беру учаскелерінде мүгедек жандар үшін пандустар орнатылған, қажетті құрал-жабдықтар қамтамасыз етілген. Оларға компьютер, құлаққап, жарықтандыру құралдары, үлкейткіш әйнектер және түрлі тактильдік нұсқаулықтар кіреді. Өңірде Брайль жүйесін 46 адам пайдаланады. Арнайы ақпараттық тақталар ілінген. Айта кетейік, бүгін қоғамдық көліктерде жүру тегін.