Павлодарда жаңа көпір салынып жатыр

Павлодарда Ертіс өзенінен өтетін жаңа көпір салынып жатыр.

Ұзындығы 700 метрге жуықтайтын төрт жолақты көпір көлік қозғалысын жеңілдетіп, жолдағы қауіпсіздікті арттырады. Сонымен қатар өңірдің дамуына тың серпін береді. Қазір құрылыс жұмыстары қай кезеңге жақындады? Көпір қашан пайдалануға беріледі?

Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Нысанда ауқымды жұмыс атқарылды. Қазір көпір өзеннің екі жағалауын жалғап тұр. Құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Ең жауапты кезеңдердің бірі артта қалды. Енді қалған құрылыс жұмыстарын аяқтап, көпірді пайдалануға дайындау қажет. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бұл көпір Павлодар үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды жоба. Өйткені мұндай экстрадозды көлік өткелі елімізде алғаш рет салынып жатыр. Оның басты артықшылығы - беріктігі мен ауыр салмақты көтере алуында. Сонымен қатар кең бөлігі аралық тірексіз жалғанды. Көпірдің ұзындығы шамамен 700 метр. Көлік қозғалысы төрт жолақпен ұйымдастырылады. Қазір құрылысшылар маңызды кезеңге жетті. Алып көпірдің екі бөлігі түйісті. Бұл нысан құрылысының аяқталуға жақын қалғанын білдіреді. 

Көпір салу — күрделі инженерлік жұмыс. Мұндай ауқымды жобаны әзірлеуге бірнеше жыл кетеді. Ал құрылысының өзі жоғары дәлдік пен заманауи технологияларды қажет етеді. Мамандардың пікірінше, құрылыс аяқталғаннан кейін бұл нысан технологиялық күрделілігі жағынан еліміздегі ең озық көпірлердің біріне айналады. Қазіргі күні жұмыстың басым бөлігі атқарылған.

Алексей Логвиненко, “Қазавтожол” АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Көпірдің соңғы түйіскен жеріне бетон құйылып, барлық бөлігі біртұтас құрылымға біріктірілді. Осылайша Ертістің екі жағалауы жалғанды. Құрылыстағы ең күрделі кезеңнің бірі аяқталды. Өткелдің тұтас бойымен арнайы техника жүре алады. Жұмыс та жеңілдейді. 

Ержан Ғұбайдуллин, учаске басшысы:

- Біз белгіленген кестеден алға шығып кеттік. Қазіргі күні көпірдің 90% дайын. Ең негізгі күрделі жұмыстар аяқталды. Аздаған учаскелер бар монолитті бетон құйылатын. Басқасы қорғаныс жабындысын төсеу және асфальт салу жұмыстары ғой. 

Жаңа көпір жолдардағы көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, Ертіс өзені арқылы кеме қатынасын дамытуға да мүмкіндік береді. Бұл сауда мен бизнестің дамуына жол ашады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын қатаң бақылауды тапсырды. Сондықтан көпірдің белгіленген мерзімде әрі сапалы салынуы маңызды.

Авторы Қарлығаш Қасиетова

Сондай-ақ оқыңыз: