Елорданың Нұра ауданында 78 учаске жұмыс істеп тұр
Таңнан бері тұрғындар дауыс беруге белсенді келіп жатыр. Солардың қатарында жарты ғасырдан бері отасқан Әшім ата мен Кенже әже де бар.
Олар әр саяси науқанға қатысып, таңдау жасауды дәстүрге айналдырған. Жарты ғасырдан бері отасқан Әшім ата мен Кенже әже Жылқайдаровтар бүгін референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып ертелетіп келді. Олар Нұра ауданындағы №226 учаскеде таңдауын жасап, дауыс берді. Әшім ақсақал референдумға қатысу әр азаматтың міндеті деп санайды.
Әшім Жылқайдаров, дауыс беруші:
- Референдум елімізге өзгеріс кіргізетін заң деп есептеймін. Зейнеткер болсақ та елдің саяси жұмысынан қалыс қалмайтынбыз. Сондықтан да осында келіп, өзіміздің бірлігімізді, Қазақстанымыздың келешегі үшін дауыс беруге келіп тұрмыз. Алға, Қазақстан!
Кенже әже де ел өміріндегі іс-шарадан қалыс қалмау қажет деп ойлайды. Бүгінгі күнге дән риза екендігін айтқан әже ертеңгі күнге сеніммен қарайтынын жеткізді.
Кенже Жылқайдарова, дауыс беруші:
- Ұрпағымыздың болашағына қам жейміз. Сондықтан өмірізде болып жатқан, еліміздегі әрбір азамат өз үнін қосуы керек деп есептеймін. Сондықтан да өз таңдауыңды жасап, бүгін дауыс беруге келіп тұрмын. Біз Нұра ауданындағы Белсенді өмір сүру орталығына қатысамыз. Біздің зейнеткерлерге жасалып жатқан көп еліміздегі қамқорлық, ілтипат, соның бәріне ризамыз. Енді ұрпағымыздың болашағы жарқын болып, осындай бейбіт заман болса екен дейміз.
Жалпы Нұра ауданындағы референдум учаскелеріне келіп жатқан дауыс берушілер қарасы қалың. Жылқайдаровтар әулеті бұл қала тұрғындарының ел тағдырына бей-жай қарамайтындығының дәлелі деп санайды.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Дәулет Қибраев