Алматыда 653 референдум учаскесі жұмыс істеді
Бүгін Алматыда қоғамдық көлік тегін жүрді.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін 170 «Инватакси» желіге шықты. Мұның барлығы қала тұрғындарының реферерендумға белсенді қатысып, кедергісіз қатынауы үшін жасалды. Мегаполисте 653 референдум учаскесі жұмыс істеді. Жалпы Алматыда саяси науқан қалай өтті? Дауыс беру кезінде қандай ерекшеліктер байқалды?
Кішкентай жалаушалар, шоколад пен кәдесыйлар. Алматыда референдум учаскелеріне ең бірінші келгендерге осындай сыйлықтар берілді. Ал кейбір дауыс берушілерді «Әжелер хоры» ән айтып, шашу шашып қарсы алды. Алматы қазақ елінің рухани, мәдени және іскерлік орталығы. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация да дәл осы Алматыда қабылданған. Сондықтан, алматылықтар үшін мұндай саяси науқанның маңызы зор. Мегаполисте референдумға қатысуға құқы бар 1 311 000 азаматтың тізімі жасалды. Олардың қатарында Париж олимпиадасының қола жүлдегері, бокстан үш дүркін Әлем чемпионы Назым Қызайбай да бар.
Назым Қызайбай, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері:
- Қазір Алматы облысында оқу-жаттығуында жүрсек те, мен қалада тұрам өз учаскеме келіп өз таңдауымды жасадым. Себебі еліміздің бұл үлкен бір қадам деп ойлаймын.
Сондай-ақ Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты отандық фильмдер мен театр сахнасында өнер көрсетіп жүрген актриса Зарина Кармен келіп дауыс берді. Өнер иесінің айтуынша театрда кезекті спектакльге дайындық жүріп жатыр. Әріптестер үзілісте бірауыздан дауыс береміз,-деп шешім қабылдаған.
Зарина Кармен, кино және театр актрисасы:
- Отбасымызбен де ақылдасып, дос-жаранмен де ақылдасып бұл әңгімені ұзақ талқыладық та өзіміздің шешімімізді жасадық. Жалпы менің ойланатын нәрсем ана ретінде қыздарымның болашағы бар, елімнің болашағы деген сияқты. Сол болашаққа өз үлесіңді қосу әрбір азаматтың міндеті ең біріншіден. Өйткені, елдің болашағына бей-жай қарауға болмайды.
Жалпыұлттық референдумнің өтуіне байланысты Алматыда қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдады. Тұрғындар мен қала қонақтары автобус, троллейбус және метрополитенге жолақысын төлемей тегін пайдаланды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар тұрғындар учаскелерге «Инватакси» арқылы тегін жеткізілді. Бұл қызмет түрі қоларбамен жүретін және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға, сондай-ақ көру қабілеті нашарлан жандарға арналған. Осының бәрі шаһар халқының учаскелерге кедергісіз қатынауы үшін жасалды.
Бәтима Сағынғалиқызы, қала тұрғыны:
- Осындай саяси шарадан ешқашан да қалмаймын. Дауысымды әрқашан да беремін. Бізге инватаксидің көп көмегі бар. Жұмысқа да барамыз инватаксимен. Өзіміздің баратын жерімізге бара береміз. Біз үшін өте маңызды.
Әлеуметтік желілерде «барыс Әділет» деген атпен танымал болған жігіт те өз учаскесіне келіп дауыс берді. Өз бейнежазбасында дауыс беруші жүріп өтетін жолды көрсетеді. Тұрғындарға референдум туралы айтып, пайдалы ақпараттармен бөліскен. Тағы бір кейіпкер бүркіт костюмін киген адам болды. Қазақ халқы бүркітті еркіндіктің, күш пен батырлықтың символы деп таниды. Келушілер «Бүркітпен» амандасып, суретке түсті.
Референдумға 18-ге енді толған жастар да қатысты. Оларға шағын сый-сияпат жасалды.
Ботагөз Бақтияр, қала тұрғыны:
- Бүгін мен осы референдумға қатысып жатырмын, яғни бірінші рет қатысып жатырмын, жасым 18-де. Өз таңдауымды жасадым.
Референдум мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша халықтың еркін білдіруінің негізгі құралы. Қаладағы кейбір учаскелерде арнайы фотоаймақ дайындалды. Бұл мерекелік көңіл-күй қалыптастырды. Алматылықтар естелік суретке түсіп, достары мен жақындарына алған әсерімен бөлісті.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев, Валентин Лобанов