«Қарағанды-Жезқазған» күре жолының құрылысы қашан басталады?
«Қарағанды-Жезқазған» тасжолы алдағы төрт жылда адам танымастай кейіпке енеді. Яғни ескі жолдың қапталына төрт жолақты жаңа жол салынады.
Ауқымды жобаның маңызына Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ерекше тоқталған болатын. «Қарағанды-Жезқазған» жолы – маңызды көлік дәлізі. Елдің оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын ең төте жол. Оны қайта жаңғырту бірнеше жылдан бері көтерілгенімен аяқсыз қалып келді. Десе де көптің көлігін бұзып, төзімін тауысқан жолдың жайы толық шешілетін болды. Төрт жылда тас жол жаңа кейіпке енеді. Мамандар солай сендіріп отыр.
Жолдың тарихына үңілсек, «Қарағанды-Жезқазған» тасжолы 1965 жылы салынған. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін қосатын күре жол жарты ғасыр бойы жібі түзу жөндеу көрмеген. Жалпы ұзындығы 572 шақырым. Бұл жоба Орталық Қазақстанға ғана емес, жалпы еліміздің жол саласы үшін айтарлықтай маңызға ие. Өйткені ол аймақтар арасындағы көлік қатынасын нығайтып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін береді. Биыл күрежолдың Қарағанды-Жезқазған бағыты бойынша 122 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. Яғни жолдың негізгі топырақ қабаты толық жаңартылып, жаңа асфальт жабындысы төселеді. Сондай-ақ автожол екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіледі.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ресми өкілі:
- Жалпы «Қарағанды-Жезқазған» автожолы жаңарту биыл басталатын болады. Екі өңірдің арасындағы жолдың ұзындығы 572 шақырымды құрайды. Қарағанды облысы бойынша 122 шақырым. Бүгінгі күні барлық конкурстық жұмыстар жүргізілді. Екі банктің есебінен салынады. Орта есеппен жобаның құны 1 трлн теңгедей. Қарағанды мен Жезқазған арасына жол салып, 1 санатқа көтерейін деп жатырмыз. Бұл нені білдіреді? Енді мынау Астанадан Қызылордаға қарай тікелей жаңа құрылыспен салынған жолмен азаматтар қатынайтын болады.
Мердігер анықталса, сәуір айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Мамандар осы аралықта көлік қозғалысына еш кедергі болмайтынын айтып отыр. Яғни құрылыс аяқталғанша, тұрғындар ескі жолмен емін-еркін қатынай береді. Алдымен қолданыстағы жолдың жанынан жаңа екі жолағы салынады. Содан кейін ескі жолды қайта жаңарту басталады. Нәтижесінде «Қарағанды-Жезқазған» тасжолы төрт жолақты болады. Қазірдің өзінде бұл трассамен тәулігіне 7 мыңға дейін көлік өтеді. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі: мердігер сметалық құжаттамасын толық өзі дайындайды. Сонымен қатар кейін дайын жолды күтіп ұстау міндетін өз мойнына алады.
Думан Қалабиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ филиалының директоры:
- Ол жерде 8 миллион кубтан артық жер, топырақ жұмыстары болады. Одан басқа үш демалыс алаңы, жеті көпір, 135 су өткізетін құбырлар салынады.
Ой-шұңқыры көп, тар жолдың азабын аймақ тұрғындары талайдан бері тартып келді. Енді тақтайдай тегіс жолмен жүйткитін күн алыс емес. Жоба аясында инфрақұрылымды жаңартуға мән беріледі. Елді мекендерге жол айрықтары мен бұрылыстар салынады. Сонымен қатар демалыс алаңдары мен автобус аялдамалары қарастырылған.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ресми өкілі:
- Барынша жолдың бойы техникалық тұрғыда жабдықталады. Сонымен қатар жолаушыларға қолайлы болуы үшін үш санитарлық мобильді торап болады.
Сабақты ине сәтімен болса, көптен күткен құрылыс 2029 жылы аяқталып, ел игілігіне тапсырылады. Жалпы биыл елде Қарағанды-Жезқазған секілді, Астанадан Торғай, Ырғыз бағытындағы, Қызылорда, Сарыағаш айналма жолдарының құрылысы қарқын ала түседі.
Авторы: Назерке Тоқжан