Үй үшін күрескен үлескерлер
Елордада баспаналы боламын деп соқыр тиынына дейін санап берген жұрт, құрылыс алаңын жағалап жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Себебі жарнамасы жер жарған тұрғын үй кешенінің бүгін-ертең бітер түрі жоқ. Құрылыстың не себепті созбалаңға салынғанын тілшіміз анықтағанда салымшылар жағасын ұстады.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Тура бір айдан соң бой көтеруі тиіс болған 9 қабатты баспананың қазір небәрі қос қабаты біткен. Сары уайымға салынып, сабыры таусылған салымшылардың сөзінше, компания өкілдері сақалды құрылыстың себебін әркімге әртүрлі түсіндірген.
Құрылыс алаңына жиналғандардың жүні жығылыңқы. Үлескерлер үй үшін күресіп әлек.
Ақнұр Дулатбекова, үлескер:
- 2025 жылы 29 қыркүйекте сатып алған болатынбыз осы үйді котлованда. Мұнда ештеңе болған жоқ, саяжай болды. Бұл комфорт-класс деді бізге. Және де бұдан басқа 380, 350 мыңнан шаршы метрі. Бізде 58 шаршы метр болғандықтан 20 миллиондай шықты ақшасы.
Нұрлан Томпаев, үлкескер:
- Жаз бойы біз жолдасымыз екеуміз бірнеше рет келіп кеттік. Мынау құрылыс жаз бойы тоқтап тұрды. Құжат-жоба түзетуде деді. Одан кейін құрылыс материалдары келмей жатыр, цемент жоқ деді, плиталар жоқ деді.
Салымшылар "сең соққан балықтай сенделуімізге қос бірдей компания кінәлі" дейді. Сөздерінше, жарнамасы жер жарған тұрғын үйді «Про дом» жылжымайтын мүлік агенттігінің нұсқауымен таңдаған. Ал құрылыс компаниясының не өзін, не басшысын білмейді.
Бақыт Асылова, үлескер:
- Тағы бір қызығы, қыркүйек айында құрылыс компаниясының бас директоры ауысып кетіпті. Оның өзін кейіннен естіп білдік. Біз үй үшін ақшамыз толықтай төлеп қойған үлескер болғандықтан құрылысқа қатысты өзгерістің бәрін біліп отыруымыз керек қой. Ал берген ақшасын қайтаруды сұраған адамдарға компания тек күтіңіздер депті. Енді біріне "пәтеріңізді келесі сатып алушы сатып алған жағдайда ғана қаражатыңыз қайтарылады" деген.
Үлескерлердің үміті мен күдігінің тайталасуына себеп көп. Бәрінің қолтығына қысқаны бір құжат болғанымен, әркімде әртүрлі келісім-шарт. Бірінде баспана биыл бітеді делінсе, екіншісінде келесі жылы деп жазылған. Түсірілім кезінде құрылыс нысанында жүрген жұмысшылар да жалақы мәселесі барын жасырмады.
- Айлық төлемей жатыр.
- Кешіктіріп жатыр ма?
- 1 ай болды.
- Қанша адам жүрсіздер?
- Он бес.
Шыдамы шытынап, сабыры таусылған тұрғындардың арызын арқалап, әкімдікке қайырылдық. Ақыры Айтматов көшесінде салынып жатқан тұрғын үй заңсыз деп танылып, құрылысты тоқтату туралы шешім шығарылғаны анықталды.
Қазымбек Асхатов, Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:
- Тапсырыс беруші «NM Development 3» бойынша басқарма жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында компания тиісті құжаттарды рәсімдемегені анықталды. Бүгінгі таңда басқарма материалдардың барлығын сотқа жіберді, қазір сотта қаралуда.
Болмай қалған көршілердің басын біріктірген құрылыс компаниясының басшысы кібіртіктеп, нысанды кешіктіру себебін жасыруға тырысты. Тек әкімдіктің ресми жауабын оқығанымызда ғана ағынан жарылуына тура келді.
Жәнібек Сүйінов, "NM Development 3" ЖШС директоры:
- Тұрғындар білмейді иә іс сотта жатқанын? Сотта жатқанын білмейтін сияқты. Білмейміз. Негізі не үшін заңсыз деп тапты? Қандай құжаттар дұрыс болмады сіздерде? Бүкіл саяжайларды сатып алғанбыз, 3 саяжайды келісе алмадық, сатып ала алмадық, сосын соны кесіп тастап жатырмыз. Сол үшін заңсыз дейді, әзір госакт жоқ. Екінші кварталда кілт беретінімізге сенімдіміз. Бір тоқсан уақытымыз бар, 3-тоқсанға дейінқұжыт, бәрін шешу керек.
Құрылыс компаниясы 1 гектар аумақты алатын тұрғын үй кешенінде 7 блок бой көтереді деп отыр. Әзірге 160 пәтердің 50-і ғана сатылыпты. Ал баспана алудан бас тартқандардың қаржысын 3-4 күнде қайтарамыз деп сендірді.
Авторы Шерхан Абзалұлы