Референдум әлемдік БАҚ назарында

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша өткен референдум халықаралық басылымдардың да назарына ілікті.

Әлемдік Бұқаралық ақпарат құралдары Республикадағы жауапты күн мен саяси реформаның мазмұны туралы не жазып жатыр? 

Қазақстандағы дауыс беру процестеріне халықаралық байқаушылардың қатысуы саяси оқиғаның ашық әрі әділ өткенін көрсетті. Мұндай бағаны бельгиялық саяси басылым «Еврорепортер» берген. Көлемді мақалада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы өкілдерінен алынған ақпаратқа сүйене отырып, дауыс берудің жоғары деңгейде өткені жазылған. Шетелдік басылым жаңа Конституцияға жүйелі талдау жасап, оның саяси институттарды жаңғыртуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге ықпал етуі мүмкін екенін жазған. 

Жаңа Конституция – Қазақстан үшін жаңа бетбұрыс. Америкалық Eurasianet басылымы осылай жазды. Негізінен кәрі құрлықтағы саяси өзгерістерді зерттеумен айналысатын Колумбия университетінің Харриман институтындағы ұйым негізгі баптарды жан-жақты талдап шыққан. Мақала авторы өз сөзін бұл өзгерістер елдің саяси даму бағытына әсер етуі мүмкін деп түйіндеген. 

Ақпараттық-сараптамалық Коммонспейс басылымы Қазақстан маңызды конституциялық өзгерістерді мақұлдады деп хабарлайды. Онда Еуропа мен көрші аймақтарға қатысты кең ауқымды тақырыптар қамтылған. Авторлар референдумға 359 халықаралық байқаушы және 206 шетелдік журналист аккредиттелгенін алға тартып, дауыс беру процесінің ашық өткенін жазған. Мониторинг жүргізген халықаралық ұйымдардың қатарында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы өкілдері болды деп жазады шетелдік басылым. 

Әзербайжанның «Репорт Әз» агенттігі Түркі Мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының өкілдері Қазақстандағы жаңа Конституция жобасы бойынша өткен референдумды оң бағалады деп жазды. Басылым мәліметінше, халықаралық байқаушылар референдумның ұйымдастырылу деңгейін бір ауыздан жоғары бағалаған. Мақалада Түркі Мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы мүгедектігі бар жандарға дауыс беру үшін қажетті жағдай жасалғанына ерекше тоқталған. Жалпы дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар анықталған жоқ деп жазған басылым.