Павлодар облысында 67 адам қызылша жұқтырды
Павлодар облысы қызылшаға байланысты сақтық шараларын күшейтті. Жұқпалы ауруға қарсы қарсы екпе алмаған балалардың мектеп пен балабақшаға баруына уақытша шектеу енгізілді.
Бүгінде шамамен 200 бала қашықтан оқып жатыр. Олардың басым бөлігі Екібастұз қаласында тұрады. Жалпы облыс бойынша жыл басынан бері қызылшаның 67 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың 11-і – ересек, үшеуі – жасөспірім, қалғаны – 14 жасқа дейінгі бала. Эпидемиологтардың мәліметіне қарағанда олардың барлығы екпе жасатпаған. Мамандар ауру санының күннен күнге өсіп келе жатқанын айтады. Жұқпалы вирусқа қарсы вакцинадан бас тартудың салдары қызылша жұқтырғандар санын одан сайын арттыра түседі.
Зәмзәгүл Дощанова, облыстық Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні мектепке дейінгі мекемелерден 61 бала шеттетілді. Ол Павлодар мен Екібастұз қаласындағы екі балабақша. Сонымен қатар қызылша ауруына қарсы вакцина жасатпаған оқушылардың да білім беру ұйымдарына баруына уақытша шектеу енгізілді. Мәселен, Екібастұз қаласындағы екі мектептен 134 бала қашықтан оқиды.