Көкшетауда Қазақстан рекорды тіркелді
Ұлыстың ұлы күніне орай облыс орталығында бір мезетте мың жарым оқушы бес асық ойнады. Бір ерекшелігі, ауқымды шараға тек қыз балалар ғана қатысты. Оған не себеп?
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Көкшетаудағы теннис орталығында ине шаншар орын жоқ. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда мың жарым оқушы бір мезетте қазақтың ұлттық ойыны бес асық ойнап, Қазақстан рекордын тіркеді. Ал балғын оқушыларды қолдауға бес асықтан Әлем чемпиондары да келді.
Айлана Думан, бес асық ойынынан Әлем чемпионы:
- Иә, әрине, осынша қыз баласын көргенде қуанышты боласың. Өйткені өзім бастаған кезде асықты өте аз қыз ойнайтын. Қазір осындай деңгейге жеттік. Өте қуаныштымын.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Жалпы бірі білсе, бір білмеуі мүмкін «бес асық» тек қыздар арасында өтетін ойын. Бұл ойынды ойнаған қыздар кішкентайынан әсемдікке, икемділікке, тапқырлыққа бейім болып өседі екен.
Әмина Ескендір, оқушы:
- Біз ата-бабамыздан қалған ойынды барлық мемлекетке көрсетіп жатырмыз. Міне, бүгін рекорд жасап жатырмыз. Маған өте қатты ұнайды.
Айгерім Қошанова, қалалық Білім бөлімінің басшысы:
- Бүгін елімізде Шаңырақ күні деп аталған күн. Сол себептен барлығымыз бір шаңырақ астында бірлесе отырып, осы ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу мақсатында бес асық ойнау ойынын бірге көрдік.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Қазір өңірде 5 мыңға жуық оқушы асық ату және бес асық ойынымен айналысады. Жоғары да айтылғандай, олардың алды Әлем, Азия ойындарында топ жарған. Қазір спортшылар тағы бір жауапты бәсекеге дайындалып жатыр.
Ардақ Төлендин, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Асық атудан Түркістан қаласында Әлем кубогы болады. Әлем кубогына қатысатын Ақмола облысының спортшылары дайындық жасап жатыр. Өңірлер де, ауылдар да осы спорт түрінен филиал ашқанбыз.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Жалпы өңірде Ұлыстың ұлы күніне орай мыңға жуық шара ұйымдастырылмақ. Оның көбі осындай спорттық және мәдени шаралар.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный