Астанада су шаруашылығы династиясының өкілдері тұрады
Бүгін қазақ халқы Наурызнама онкүндігі бойынша Шаңырақ күнін атап өтіп жатыр.
Бұл отбасылық құндылықтарды насихаттап, бірлік пен татулықты дәріптейтін күн. Қазақта "Қара Шаңырақ" қасиетті мәнге ие. Осы күні Астанада су шаруашылығы саласында 100 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан отбасы өткенді еске алып, болашаққа жаңа мақсат қойды. Бұл әулетте білім мен біліктілік атадан балаға аманатталады.
Жанар Мұхатова Астана қаласының тұрғыны. Ол «Қазсушар» мекемесіндегі Ақмола филиалында сумен қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы. Жанардың әкесі мен анасы, тіпті өзінің және нағашы аталары да бір салада еңбек еткен. Сондықтан ұжымдастары оны су шаруашылығы династиясының өкілі деп атайды.
Жанар Мұхатова, "Қазсушар" РМК Ақмола филиалы бөлімінің жетекші маманы:
- Судың есебін жүргіземін. Осы су қоймасынан, гидроузелден су тұтынушылары қанша пайдаланғанын, осы үш су қоймаларының балансын жүргіземін. Күн ара судың есебін жүргіземін.
Жанар Мұхатованың анасы салада 40 жылдан астам еңбек еткен. Осылайша ұрпақтар сабақтастығына жол ашқан.
Азия Шәмшиева, су саласының ардагері:
- Биыл қыста келгенде план водопользования қалай жасау керек, енді өзі де біледі ғой. Бірақ қазір компьютерге түсіреді ғой формуланы қойып, автоматты есеп шығаратын. Соның схемасын үйретіп бердім.
Жалпы Наурызнама аясындағы Шаңырақ күні – отбасылық құндылықтарды, бірлік пен татулықты, тәрбие мен адамгершілік қасиеттерін дәріптеуге бағытталған.
Сәуле Қабашева, "Қазақ аналары – дәстүрге жол" ҚБ Астана қалалық филиалының төрайымы:
- Ата-анаға деген құрмет бірінші құрмет қалыптасу керек. үлкеннің алдын көлденең өтпейтін, ата-ананы бағалай білетін балаларды ұрпақ тәрбиесінде бірінші отбасылық шаңырақты тәрбиелеуіміз керек. сонда отбасыда тәрбие алған бала сыртқа барғанда да сол көргенін істейді. отан отбасынан басталады дейді ғой. Отанға деген құрметтің өзі отбасыдан, кішкентай күннен әкесінен баласына, анасынан қызына берілетін тәрбиеден басталады.
Декададағы төртінші күн – тек жекелеген жанұяны емес, тұтас ұлтты біріктірудің белгісі. Бүгін атадан балаға өсиет пен болашақта азық болатын ақыл-кеңес айтылады. Жалпы Наурыз – әлемнің ең көне мейрамдарының бірі. Орталық Азия жұртшылығы оны 5 мың жыл бойы тойлап келеді. О заманда Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу 8-9 күнге созылған. Ал қазір елімізде тарихи дәстүрлерді жаңғырта отырып, мейрамды тойлаудың жаңа бренді орнықты. 2 жыл бұрын қабылданған тұжырымдамаға сәйкес «Наурызнама» онкүндігі бекітілді.
Айжамал Құдайбергенова, тарих ғылымдарының докторы:
- Әрбір күннің өз құндылықтарға сәйкес, атауы, белгіленуі бар және мағынасы бар. Мысалы, 14 наурыз амал көрісу күні. Одан кейінгі қайырымдылық күні, мәдениет пен ұлттық дәстүр күні, шаңырақ, ұлттық киім, ұлттық спорт, тазару күні – әрқайсының мағынасына тоқталсақ, бұның бәрі бір-біріне халықтың құрметі, татулығы, әдет-ғұрып, амалдарды бекіттіретін ұғымдар болып табылады.
Наурыз айы өткенді саралап, бүгінгіні бағамдайтын кезең іспетті. Биылғы мереке осымен үшінші жыл қатарынан Наурызнама арқылы қайта жаңғырып, жоғары деңгейде аталып жатыр. Бұл ұлттық болмысты жоғалтпаудың бірден бір жолы екені анық.
Альмира Оразбай, Абдулхамит Бөлекбаев