Қара жерде қазық бойы тоң жатыр

Оңтүстікте топырақ қыза бастады. Ал арқа өңірі мен солтүстікте әлі тоң жібіген жоқ. Қазық бойы, яғни 2 метрден аса тереңдік қатып жатыр.

«Қазгидрометтің» 10 наурыздағы дерегіне сүйенсек, Павлодар облысында былтыр осы уақытта жер қабатындағы тоңның қалыңдығы 170 см шамасында болса, биыл - 235 см. Қостанай облысында да былтырғыдан жарты метр қалың, яғни - 224 см. Ал Солтүстік Қазақстан облысында былтырғыдан 80 см-ге терең. Мұнда 192 см-ге дейін тоң жатыр. 

Сондай-ақ Ақтөбе, Ақмола және Қарағанды облыстарында топырақ 1 жарым метр тереңдікке дейін қатқан. «Мұның қауіпі егер күн күрт жылыса, сай-салаға аққан су жерге сіңбей ауа жайылуы мүмкін», - дейді «Қазгидромет» мамандары. Бірақ тоңның қалыңдығы жазда егін мен шабындыққа жақсы.

Гүлсім Аблайсанова, «Қазгидромет» РМК Агрометеорологиялық мониторинг басқармасының басшысы:

- Алдағы уақытта күн райы оңтайлы болып, барлығы оң жағынан болатын болса, баяу еритін болса, онда ешқандай қауіптің болмайтындығын көрсетеді. Ал егер күн райы бірден жылып кететін жағдай болып, топырақ қабаты еріп үлгермесе, онда ол су жердің бетімен ағып кетіп, яғни жоғарыда айтқандай, кішкене қиындықтар туындауы мүмкін.